2020-2022 жылдарға арналған бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте заң жобасын талқылау барысында бірқатар түзетулер енгізілді және бюджет жобасының параметрлері қайта қаралды. Түзетулердің бір блогы Мемлекет басшысының Жолдауын, сондай-ақ оның жекелеген тапсырламаларын қаржылық қамтамасыз етуге бағытталған. Шығыстардың негізгі бөлігі мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға көзделеді. Бұл үш жылға шамамен 1,1 трлн теңге.

Микро және шағын бизнесті табысқа салынатын салық төлеуден босатуды ескере отырып, субвенциялар көлемі өзгертілді.

«Түзетулердің екінші блогын депутаттар ұсынды және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға және аймақтарды дамытуға бағытталған. Мәселен, ауылдық елдімекендерді таза ауызсумен, су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы нысандарын және көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаражат көзделген. 2020 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 3,8 трлн теңге бөлінеді. Бұл бюджеттің жалпы шығыстарының 29 пайызы. Енгізілген түзетулер аясында Есеп комитетінің бірқатар ұсынымдары ескерілді. Қосымша Үкімет жергілікті атқарушы органдардың қаражатты жұмсауына мониторингті және бақылауды күшейту тетіктерін пысықтауда», - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Оның сөзіне қарағанда, 2020 жылдағы түсімдер Мәжіліске енгізілген бюджет жобасынан 108 млрд теңгеге ұлғая отырып, 11,3 трлн теңге сомасында белгіленді. (2021 ж. – 12 трлн теңге, 2022 ж. – 12,8 трлн теңге)

«2020 жылға бюджет тапшылығы 1,6 трлн теңге деңгейінде жоспарланды. Ол 2022 жылға қарай кезең-кезеңмен 890 млрд теңгеге дейін төмендетіледі. Бұл борышты қауіпсіз деңгейде ұстап қалу бойынша міндетті іске асыруды қамтамасыз етеді», - деді Ә. Смайылов.

Республикалық бюджеттің шығыстары Мәжіліске енгізілген жобадан 3 жылдық кезеңде 329 млрд теңгеге, оның ішінде 2020 жылы 172 млрд теңгеге ұлғайды. Нәтижесінде, шығыстар 2020 жылы 12,9 трлн теңгені құрайды (2021 ж. - 13,2 трлн теңге, 2021 ж. – 13,7 трлн теңге).

«Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталады. 3 жылдық кезеңде республикалық бюджеттегі әлеуметтік блоктың шығыстары 20 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2020 жылға 6 трлн теңге немесе шығыстардың жалпы көлемінің 46,4 пайызы мөлшерінде. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 53,8 пайызды құрайды. Әлеуметтік шығыстардың негізгі үлесі әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмек көрсетуге келеді. Мәселен, 3 жылға осы бағытқа 11 трлн теңге жоспарланған, оның ішінде 2020 жылы – 3,4 трлн теңге», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

2020-2022 жылдарға денсаулық сақтау жүйесіне арналған шығыстар 4,7 трлн теңгені қамтымақ.

«Тұңғыш Президенттің тапсырмасын іске асыру мақсатында «Педагог мәртебесітуралы» заң жобасы әзірленді. Оны іске асыруға бюджетте 2,2 трлн теңге, оның ішінде 2020 жылға 390 млрд теңге көзделген», - деді Ә. Смайылов.

Соңғы жаңалықтар