2019 жылы жатақханаларда 5 мың жаңа орын пайдалануға беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігі келесі жылдың соңына дейін жатақханаларда 5 мың жаңа орынды пайдалануға беруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жатақханалар туралы айтар болсақ, өздеріңіз білетіндей, Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында талдау жұмыстары жүргізілген болатын. Бізге Жоғары оқу орындары мен колледждерді есептегенде жалпы саны жатақханалардан 90 мың орын керек. Қазіргі дейін жатаұхана құрылысы үшін 171 жер учаскесі бөлініп қойды. Жергілікті атқарушы органдар бұл жұмысқа белсенді түрде атсалысып, біздің жоспарымыз бойынша, 2019 жылдың соңына дейін жатақханалардағы 5 мың жаңа орынды қолданысқа енгіземіз деп отырмыз», - деді Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов елордада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумында.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде келісім шарттарға сәйкес нақты инвесторлар болғандықтан, жұмыс ары қарай жалғаса беретін болады.

Еске сала кетсек, елордада бүгін «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумы өтіп жатыр. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген 600-ден астам делегат қатысуда. Олардың қатарында бастауыш партия ұйымдары мен аймақтық партия филиалдарының басшылары, белсенді партия мүшелері бар. Одан бөлек, форумға белгілі отандық және шетелдік сарапшылар, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары арнайы қатысып, партия жұмысын жан-жақты жандандыру мәселесін талқылауда.

 

Соңғы жаңалықтар