2019 жылы медициналық қызмет толығымен электронды форматқа көшеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келер жылдан бастап еліміздің медициналық қызмет көрсету саласы қағазбастылықтан толық арылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жобасы үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында 4 облыста пилоттық жоба ретінде қолға алынды, ал 1 шілдеден бастап 17 аймақта цифрландыру басталды.

Бүгінде пилоттық жоба шеңберінде Қазақстан медициналық ұйымдарында ем алушыларды тексеруден өткізу мен емдеу нәтижелері, оның ішінде бұрын ауырып жазылған созылмалы аурулар, дәрілік заттарға болатын аллергиялық реакция, тамақтану, диета және тағы басқа дәрігердің ұсыныстары туралы мәліметтерді біріктіретін электронды денсаулық сақтау төлқұжаты жасалды.

«Пилоттық жобаның нәтижесі көрсеткендей, медициналық қызмет көрсетудегі қағазбастылықтан арылу жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Бұған дейін азаматтар емхана, ауруханада жолдама және амбулаторлық құжаттарын түгел арқалап, әуреге түсетін, ендігі уақытта бір ғана жеке куәлік арқылы тіркелуге де, ем алуға да болады. Алдағы міндет - осы жылдың соңына дейін барлық облыс және аудан орталықтарын 100% компьютер және интернет құрылғыларымен қамтамасыз ету. Яғни 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі медициналық қызмет көрсету саласы қағазбастылықтан бас тартып, толығымен электрондық жүйеге көшеді», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, вице-министр қазір азаматтар ем алу үшін емхана мен ауруханаға бірнеше рет келіп-кететінін айтып, цифрландырудың арқасында олай ары-бері сабылмайтынын сөз етті. Осы мақсатта елімізде халыққа цифрлық машықтарды үйрететін 546 орталық ашылып, онда 6 млн-ға жуық адам цифрлық сауатын аша алады.

«Өздеріңіз білетіндей, қазір емделу үшін кемінде 2-3 рет емханаға барып, тиісті медициналық тексерулерден өту қажет. Біз жүргізген пилоттық жоба бойынша пациент бір рет қана тексеріледі, қалған мәліметтер мен қажетті құжаттарды онлайн немесе мобильді қосымша арқылы алуға және жіберуге болады», -деді ол.

Оның айтуынша, 2022 жылға дейін интернет мүмкіндігі жоқ аудан және ауылдық жерлерге ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, интернет желілері тартылады. Одан басқа, елімізде интернет жеткізу мүмкіндігі жоқ шалғай мекендерге Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп атқаратын спутник құрылғылар орнатылады.

Айта кетсек, Елбасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс екенін айтқан болатын.

 

Соңғы жаңалықтар