2019 жылы елдегі өңірлік және этномәдени бірлестіктер аккредиттеуден өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ҚХА-ның республикалық этномәдени бірлестіктерінің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, қалалық этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдарының басшылары, жұртшылық өкілдері мен БАҚ қатысты.

Сарапшылар «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР Заңын іске асыру мәселелері, 2019 жылға арналған жұмыс жоспарлары мен міндеттерін талқылады.

Жансейіт Түймебаев таяу болашақта бірлесе атқарылатын міндеттерді айқындаудағы, Ассамблеяның алдағы сессиясын өткізуге күш-жігер жұмылдырудағы, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР Заңын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы бұл кездесудің мәнін атап көрсетті.

«Этномәдени бірлестіктер Қазақстанның мәдени-тілдік байлығын сақтай отырып, өздерінің Қазақстан халқын біріктіру жөніндегі қоғамдық рөлін орындаулары керек. Сіздердің құрылымдар азаматтық қоғамның қуатты институттарына айналулары керек. Бұл үшін этностарды жалпымемлекеттік міндеттерді шешуге кеңінен тартуды қамтамасыз ете отырып, олармен ұдайы жұмыс істеу қажет. 2018 жылы сәуірде ҚХА туралы заңға өзгеріс енгізілді. Заңда этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредиттеуден өткізетін институт туралы, қоғамдық тіркеу ережелері көрсетілді. Биыл жыл басында өңірлік, ал жыл ортасында республикалық бірлестіктер аккредиттеуден өтетін болады», - деді ҚХА Төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ ол этномәдени бірлестіктер белсенділерімен таяу арадағы болашақта бірлесе атқарылар қызметтің басым бағыттарын өзі қалай түсінетіні туралы ойларымен бөлісті.

Атап айтқанда, Жансейіт Түймебаев республикалық этномәдени бірлестіктерге өз этностары арасында жүргізілетін жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті.

Ж.Түймебаев ҚХА-ның барлық құрылымдарының қызметіне қатысуды кеңейтудің маңызын, өздері шыққан елдермен халықтық дипломатияны дамытудың, соның ішінде технологиялар трансфері, инвестицияларды тарту мүмкіндіктерін пайдалану, мемлекеттік тілді үйренуге басым көңіл бөлудің қажеттігін атап көрсетті.

Республикалық этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Шаймардан Нұрымов, «Мицва» Қазақстанның еврейлер қауымдастығының төрағасы Александр Барон, «Қазақстан әзербайжандарының қауымдастығы» республикалық ҚБ төрағасы Абилфас Хамедов, «Беларусь мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Леонид Питаленко айтып берді.

Соңғы жаңалықтар