2019 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3,3 млрд доллар болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сүттің шикізат секторы өңдеу қажеттілігін қамти алмауда. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында біз үлкен өндірістік және экспорттық резервтерге иеміз. 2019 жылы экспорт 3,3 млрд АҚШ долларына жетіп, (2018 жылмен салыстырғанда 5,9%-ға артқан), импорт көлемі 3,9 млрд долларды құраған (өсім 7%). Дегенмен, Қазақстан әлі де импортқа тәуелді, экспортымыз шикізатқа бағынышты», - деді депутат Сенатта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы ішкі тұтынудағы импорттың үлесі құс еті бойынша 49 пайызға, алма 31, ірімшік пен сүзбе 46, шұжық 39, қант 57, балық 72 пайызды құрады.

«Өңделген өнім экспорты - аса өзекті мәселе. Ет өңдеу кәсіпорындары шикізат және айналым қаражатына байланысты 45 пайызға жүктелген. Оны шешу туралы түрлі алаңдарда алуан ұсыныс, пікір айтылғанмен, былтыр шетелге тірідей сатылған 156 мың бас ірі қара, 263 мың қой жүйелі жұмыстың жоқтығына дәлел», - деді Д. Мусин.

Оның пайымынша, бұл проблемалардың болжамды болуы үшін жауапты министрліктердің үйлестірілген іс-қимылы қажет.

«Қыруар қаржылай қолдауға қарамастан, сүттің шикізат секторы өңдеу қажеттілігін қамти алмауда. Деректерге сүйенсек, соңғы 7 жылда 70 сүт тауарлы ферма іске қосылған. Алайда жыл сайын 52 мың тоннадан аса сүт қышқылды өнімдер мен өңделген сүт, 49 мың тонна ірімшік, сүзбе және құрғақ сүт импортталады. Сонымен қатар, ұлттық тағамдық азықтар, бақша дақылдары, жеміс, көкөністер өңдеудің озық технологиялары керек. Жалпы, бүкіл өңдеу саласының өткір мәселесі - өңдеуші кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтуға басты назар аударылуы қажет», - деді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Дүйсенғазы Мусин ауыл шаруашылығында субсидиялау ережелерінің жиі өзгеруі саланың дамуына кері әсерін тигізіп жатқанын айтты.



Соңғы жаңалықтар