2019 жылы 62 мың орындық балабақша ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылы республика бойынша 62 мың жаңа балабақша орны ашылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездескен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мекепке дейінгі білім сапасын арттыру маңызды міндеттердің бірі. Республикада 10 314 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларға 1-6 жастағы 880 мың бала барады. 1-3 жастағы балалар 4 040 мемлекеттік және 3350 мемлекеттік балабақшада тәрбиеленеді. Мемлекеттік балабақшаға 130 мың, жекеменшікке 47 мың бала барады. Республикада 1-3 жастағы балаларды балабақшамен  қамтуға келсек,  ата-аналардың көпшілігі  балаларды үш жасқа дейін үйде тәрбиелейді және шынын айтсақ балабақша бізде әлі жетіспейді», - деді министр.

Осы ретте, ол Финляндияда 1-3 жастағы балаларды қамту 30, Ұлыбританияда 28, АҚШ-та 29, Швейцарияда 26 пайызды құрайды. Финляндияда ата-аналар балаларын үйде тәрбиелесе оған мемлекеттік ақы төленетіндігін айтып өтті. Сондықтан көпшілігі баласын балабақшаға бермейді. Сол сияқты Ұлыбританияда, Швейцарияда, Францияда арнайы бағдарлама қабылданған.

«Қазір 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 93  пайызға жетіп отыр. «Балапан» бағдарламасының аясында 2020 жылға қарай 3-6 жастағы балаларды 100 пайыз қамту міндеті қойылған. Біздің ойымызша бұл тапсырма орындалады. Қазір ол қарқынды дамып келе жатыр. Балалардың қамтуды көтеру үшін келесі жылы жергілікті атқарушы органдар 62 мың орын ашамыз деп отыр. Оның ішінде 48 мыңын жеке кәсіпкерлер ашады деп жоспарланған. Ашылатын орындардың 8 мыңы 1-3 жастағы балаларға арналған»,-  деді ол.

Осы ретте министр елімізде балабақшаға кезекке тұру және жолдама беру процесі автоматтандырылғанын еске салды.

«Бірақ, ол барлық жерде емес. Біз үлкен қалалардан бастап отырмыз. Қазіргі уақытта республика бойынша 29 қала мен аудан толығымен автоматтандырылды.  Ата-ана балабақшаны кезекке тұрғанда өзі таңдайды», - деді Ерлан Сағадиев.

Сонымен қатар министр балалардың өмірін қорғау мақсатында 3600 балабақшада немесе 48 пайызында 40 мыңнан астам камера орнатылғанын айтты. «Президенттің тапсырмасына сәйкес  жергілікті әкімдіктер бейнекамерамен барлық балабақшаны қамтамасыз етуге тиіс. Жол картамыз бар, оны бәріне жеткіздік», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар