2019 жылғы бюджет кірістері 95 млрд теңгеге артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылғы бюджет кірістері 95 млрд теңгеге арттырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2019 жылғы республикалық бюджетті нақтылау жөнінде баяндаған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізгі көрсеткіштерін сақтау ұсынылады. Бұл - жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8 пайыз, мұнай өндіру 89 млн тонна. Әлемдік мұнайдың бағалары жоғары құбылмалылығын көрсетеді. Осыны ескере отырып мұнайдың болжамды бағасы барреліне 55 АҚШ доллары деңгейінде сақталды. Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4,0-6,0 пайыз шегінде сақталып қалады», - деді министр.

Оның дерегінше, нақтылған республикалық бюджет кірістерін 95 млрд теңгеге арттыру ұсынылады. Олар: салықтық түсімдер 12 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер 83 млрд теңгеге. Салықтық емес түсімдер ішінде девиденттер 50 млрд теңгеге өседі және 66 млрд теңге болады. ал 33 млрд теңгеге нақты түсімдер.

«Жалпы, трансферттерді есептемегенде республикалық бюджеттің кірістері 2019 жылы 7 трлн 81 млрд теңгені құрайды. Түсімдер түрлері бойынша кірістердің құрылымы өзгермейді. Ең үлкен үлесті қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы, халықаралық саудаға салынатын салықтар алады», - деді Руслан Дәленов.

Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттің тапшылығы бұрын бекітілген 1 трлн 365 млрд теңге деңгейінде сақталады. Мұнай емес тапшылық, яғни мұнай кірістерді қоспағанда, жалпы ішкі өнімге қатысты 8,5 пайызды немесе 5,5 трлн теңгені құрайды. Мұнай емес тапшылықтың параметрлері бекітілген фискалдық ережелерге сәйкес келеді.

«Республикалық бюджеттің параметрлері нақтылауды ескере отырып мынадай болады. Түсімдердің жалпы көлемі 95 млрд теңгеге өседі және 10,7 трлн теңгені құрайды. Трансферттердің түсімдері, оның ішінде Ұлттық қордан трансферттер өспейді. Шығыстар 95 млрд теңгеге артады. Бұл кірістердің өсуімен сәйкес келеді. Республикалық бюджеттің шығыстар көлемі 12 трлн теңгеден асады. Осылайша, түсімдер 10,7 трлн теңгені, шығыстар 2 трлн теңгені, тапшылық 1,4 трлн теңгені құрайды»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар