2019 жылғы әлемдегі ең сұлу әйелдердің тізімі жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – TC Candler тәуелсіз сән сыншылары 2019 жылғы әлемдегі ең сұлу жүз әйелдің тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1990 жылдан бастап сайт тұрақты түрде өтіп бара жатқан жылдың ең сұлу әйелдерінің рейтингісін жариялап отырады. Кәсіби модельдерден бөлек, тізімде әйгілі актрисалар мен әншілер, сонымен бірге спортшылар, дизайнерлер мен блогерлер де болады.

Ең көркем жүзділердің тізімін канадалық Лола Флэнери түйіндеп тұр. «Элистің үйінде қонақта» атты романтикалық комедия арқылы аты шыққан ол 100-ші орында.

Өткен жылғыдай Болливуд сұлулары да көштен қалып тұрған жоқ. Үндістандық актриса Дипики Падуконе 75-ші орыннан, Приянка Чопра 55-ші орыннан көрінген.

Тізімнен түріктің әдемі қыздары да қалыспаған. Қазақстандық көрерменге танымал Хандэ Эрчел 21-ші орынды иемденсе, Өзгю Кая 32-ші, Демет Өздемир тізімде 94-ші орын алған.

«Тақ таласы» сериалының әртістерін тізім ұмыт қалдырмапты. Ол сериалдағы Натали Эммануэль 63-ші, Софи Тернер 52-ші, ал Эмилия Кларк 43-ші орында тұр.

«Харри Поттер» арқылы танылған Эмма Уотсон 25-ші орынға ие болды. Ағылшын сұлуы былтыр «Кішкентай әйелдер» атты фильмге түскен еді.

Рейтингідегі тұрақты орындарын Ариана Гранде (98-ші орын) мен Селена Гомес (85-ші орын) сақтап қалды.

Голливудтың көрікті әйелдері бұрынғыша миллиондардың кумирі болып қалып отыр. Атап айтқанда, Натали Портман (61), аустралиялық Марго Робби (59), Лупита Нионго (35), британдық Кейт Бекинсейл (90) тізімнен қалыс қалмапты. Сонымен бірге, француз актрисасы Марион Котильяр 77-ші, шведс актрисасы Алисия Викандер 84-ші орын иеленді.

Палестиналық тележүргізуші Лина Кишави 79-шы тұр. Қытайлық әртіс әрі модель Ділраба Ділмұрат (тегі ұйғыр) 34-ші орынға табан тіреді.

Айта кетсек, 2018 жылы аталған тізімде номинант ретінде қазақстандық модель Айя Шалқар ұсынылған еді.

Аталған тізімде үздік үштікте - тай әншісі Пранприя Лалиса Манобан (оңтүстіккореялық BLACKPINK тобының мүшесі, 3-орын), израильдық модель Яэль Шелбиа (2- орын), тайвандық модель Тзую (1-ші орын).




Соңғы жаңалықтар