2019 жылдың үздік медицина қызметкерлері марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Денсаулық сақтау жүйесінің үздіктері» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шара маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылған. Онда мыңнан астам отандық мамандар байқаудың 16 аталымы бойынша құжат тапсырған.

«Өз ғұмырында адамдар бірнеше рет медициналық көмекке жүгінеді. Өзінің ең қымбат денсаулығын, кейде тіпті өмірін дәрігерлерге сеніп тапсырады. Сондықтан, медицина мамандарының еңбегі еленуге тұрарлық және үлкен жауапкершілік пен жанкештілікті талап етеді. Одан өзге, бір де бір мамандыққа адам өмірі мұншалықты тәуелді емес. Әрбір науқастың жан қиналысын өз бойларыңыздан өткізесіздер, олардың жүзіндегі әрбір күлкі сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты», - деп құттықтады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов салтанатты марапаттау рәсімінде.null

Байқау нәтижесінде, «Үздік дәрігер» аталымында павлодарлық онколог-хирург Тельман Әлғожин үздік деп танылды.

Жамбыл облысы Қордай аудандық орталық ауруханасының дәрігері, акушер-гинеколог Шынар Өсербаева «Үздік ауыл дәрігері» атанды.

Ақмола облысындағы көпбейінді облыстық аурухананың медбикесі Оксана Ситнер «Үздік медбике» аталымында топ жарды.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем қызметінің 3-бөлімінде жұмыс істейтін Дариға Қанетова «Үздік фельдшер» атанды.

«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі үздік дәрігер» аталымында Ақтөбе қаласындағы «Отбасылық медицина орталығының» дәрігері Гүлайна Ізімова жеңімпаз атанды.

«Үздік санитарлық-эпидемиологиялық дәрігер» номинациясының бас жүлдесі Алматы облысы тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті Іле аудандық басқармасының маманы Бағила Әбеуоваға берілді.

Қызылордалық Әсел Қадырәлиева «Үздік қоғамдық денсаулық сақтау маманы» атанды.

Павлодар қаласы №3 емханасының бас дәрігері Қайырлы Қабылов «Денсаулық сақтаудағы үздік менеджер-ұйымдастырушы» жүлдесін жеңіп алды.

«Медициналық ЖОО үздік оқытушысы» аталымында «Ұлттық медициналық университет» АҚ Фармация экономикасы, ұйымдастыру және басқару кафедрасының меңгерушісі Қайрат Жақыпбеков топ жарды.

«Медициналық колледждің үздік оқытушысы» жүлдесі Қостанай жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Светлана Шулейкоға берілді.

«Семей медициналық университеті» АҚ деканы Аян Мысаев «Денсаулық сақтау саласындағы үздік жас зерттеуші» атанды.

Ал «Денсаулық сақтау саласындағы үздік ғалым» номинациясы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің директоры Дмитрий Бабенкоға табысталды.

«Үздік санитарлық-эпидемологиялық сараптама маманы» аталымында ҚР ДСМ Ғылыми-практикалық санитарлық-эпидемологиялық сараптама орталығы филиалының зертхана меңгерушісі Гауһар Нүсіпбаева жеңіп шықты.

Қарағанды облыстық онкологиялық диспансерінің онколог-дәрігері Татьяна Хайтиди «Үздік тәуелсіз сарапшы» атанды.

Сонымен бірге, «Денсаулық сақтау саласындағы үздік әлеуметтік қызметкер» аталымында Алматы №4 қалалық емханасының әлеуметтік қызметкері Ердос Кемалшаев жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарға диплом және естелік сыйлықтар табыс етілді. Салтанатты жиын мерекелік концертпен аяқталды.

null null null null null

Соңғы жаңалықтар