2019 жылдың тамызында Павлодарда мультимедиялық музей пайдалануға беріледі

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - 2019 жылдың тамыз айында Павлодарда мультимедиялық музей кешенінің ашылуы жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар облысының тарихынан сыр шертетін жаңа мұражай Есеналиев көшесіндегі 2 үйде орналасатын болады.

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Болат Бақауовтың төрағалығымен мультимедиялық музейлік кешеннің салынуына қатысты жұмыс тобының отырысы өтті. Тарихшылар, музейшілер, сәулетшілер мен археологтар болашақ музейдің қандай болатынын талқылады. Ол 2,5 мың шаршы метр аумақты алып, дүниежүзі тарихы музейі, көшпелілер өркениеті музейі, этнографиялық музей секілді 3 блоктан тұрады деп жоспарлануда.

«Үлкен музейдің болуы кез-келген қаланың, әсіресе облыс орталығының дәрежесін көтереді. Сол себепті осындай музейдің салынуы Павлодар имиджінің көтерілуіне әсер етеді. Меніңше, музейдің орналасқан жері өте тиімді, ол Ертістің жағасы, Орталық жағажайдың дәл жанында», - деді Павлодар облысының бас сәулетшісі Нұрлан Қақамбетов.

Жаңа музейдің құрылыс жұмыстары басталып кетті, бірақ қысқы аязға байланысты жұмыс тобы құрылысты тоқтата тұруды шешті. Сондай-ақ мамандар музейге қойылатын жәдігерлерді жинаумен айналысып жүр.

«Үш блоктың әрқайсысында мультимедиялық контент, яғни гидтер, 3D-реконструкциялар және т.б. болуы қарастырылған. Жақсы жәдігерлер мен мультимедиялық контент заманауи музейлік кешенді құруға мүмкіндік береді. Көшпелілер өркениеті музейінде интерактивті алаң қарастырылған. Бұл жерде келушінің әрқайсысы ежелгі адамға айналып, ыдыс немесе үй жиһазын жасап, қола немесе темірден жебенің ұшын құйып көруі мүмкін. Оның барлығы келушілердің шынайы тарихты сезініп, ол кездегі жағдайларды ондаған немесе жүздеген мың жылдар бұрын өмір сүрген адамдардың көзімен көрсін деген ниетпен жасалған», - деді зерттеуші-археолог Тимур Смағұлов.

Соңғы жаңалықтар