2019 жыл қорытындысы: Ел экономикасына қатысты негізгі оқиғалар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» ХАА Қазақстан экономикасының өсіміне ықпал еткен негізгі оқиғаларды оқырман назарына ұсынып, биылғы қаржы жылы қандай жаңалықтарымен ел жадында қалатындығына өз нұсқасын ұсынады. Жалпы, өтіп бара жатқан жыл ел экономикасына әсер ететін оқиғаларға толы болды десек артық айтқандық емес. Алайда олардың басым бөлігі жылдың екінш жартысында орын алған еді.

Ұлттық банк басшысының ауысуы

2019 жылдың ақпан айының соңында Данияр Ақышев еліміздің Ұлттық банкі төрағасы қызметінен босатылып, бұл орынға Ерболат Досаев тағайындалды. Жаңа басшы келгенімен Ұлттық банк алдында тұрған міндеттер өзгерген емес. Олар: ақша-несие саясатын жетілдіру, банк секторын, қаршы және шынайы секторды сауықтыру, баға тұрақтылығы мен экономика өсімі арасындағы теңгерімді табу. Бұған қоса қаржылық реттеушіге Үкіметпен бірлесіп, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында макроэкономикалық тұрақтылық пен экономикалық өсімді қамтамасыз ететін шешімдер жүйесін әзірлеу қажет.

Айта кетерлігі, 2020 жылдың 1 қаңтарынан Ұлттық банк қаржылық нарықты реттеу бойынша мандатын тәуелсіз орган – Қаржылық нарықты дамыту және реттеу агенттігіне береді. Мұны ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев айқан еді.

«Біздің стратегиялық мақсатымыз – бәсекеге қабілетті және күшті қаржылық сектор құру, қаржылық ұйымдардың жұмысының тиімділігін арттыру. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Ұлттық банкі қаржылық нарықты реттеу бойынша мандатын тәуелсіз орган – Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігіне береді. Бұл агенттікті құру туралы Мемлекет басшысының екі Жарлығы жарияланып, қол қойылды. Жақында тіркеу аяқталып, жарияланады. Бұл агенттік Мемлекет басшысына тікелей есеп беруге міндетті. Агенттік, Үкімет, Ұлттық банк қаржылық тұрақтылық кеңесі арқылы байланыста болады», - деді ол.

Қарапайым заттар экономикасы

Осы бағдарламаны ел Үкіметі 2018 жылдың желтоқсан айында бекіткенімен іс жүзінде 2019 жылдың наурызынан бастап толыққанды жүзеге аса бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «қарапайым заттар экономикасы» салаларын жеңілдікпен қаржыландыру үшін ел бюджетінен 600 млрд теңге қаржы да бөлініп отыр. Жалпы, 2025 жылға қарай «қарапайым заттар экономикасы» тауарлар бойынша импорт үлесін 59 пайыздан 37 пайызға дейін төмендетіп, 16 мыңға жуық жұмыс орнын құру және салық түсімдерін 1,1 трлн теңгеге арттыру жоспарланған. Айта кетерлігі, осы жылдың мамыр айында қолданыстағы бағдарламаға халық тұтынатын тауарлар өндірісін одан әрі дамыту бойынша жаңа тәсілдер қосылды. Олардың ішінде түпкі қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлемені 9-дан 6 пайызға дейін төмендету, несие мерзімінен 1/3 аспайтын уақытқа жеңілдікті кезеңді енгізу және несиелендіру үшін тауарлар тізімін кеңейту шаралары бар.

Азаматтардың борыш жүктемесі төмендетілді

2019 жылдың 26 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өмірлік қиын жағдайда қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөнінде уақтылы көмек көрсету мақсатында қаулыға қол қойды. Аталған қаулыға сәйкес ел Үкіметі екінші деңгейдегі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар көпбалалы отбасы, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасы, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасы, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айрылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар борыштары өтелді. Осылайша, бірнеше мыңдаған қазақстандық қиын қаржылық жағдайдан шыға алды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық банкке қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Нәтижесінде, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеу тәсілдері өзгертілді – кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салу енгізілді, сондай-ақ банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігіне қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл банктердің кепілсіз тұтынушылық қарыздарды, әсіресе кірісі төмен азаматтарға беруіне экономикалық ынтасын төмендетеді. Сонымен қатар, 90 күннен аса мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша тұрақсыздық айыбы мен комиссияларды есептеуге тыйым салу жөнінде заңнамалық актілерге түзетулер әзірленді. Осы арқылы кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешектің үздіксіз өсуі шектелетін болады.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі құрылды

2019 жылдың 3 шілдесінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Аталған құжатқа сәйкес, бас кеңсесі Алматы қаласында орналасатын агенттікке қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау қызметтері беріледі.

Органның төрағасы қызметіне тағайындалған Мәдина Әбілқасымованың таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, банк жүйесін тұрақтандыруды және қаржы секторын дамытуды қамтамасыз етуге қатысты бірқатар нақты тапсырма берген еді.

Жалпыға бірдей декларациялау кейінге ығыстырылды

Осы жылдың 4 шілдесінде Мемлекет басшысы қаржы саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтарға арналған салықтық рақымшылық рәсімін реттеуге және жаппай жария ету мерзімдерін ауыстыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заң жалпыға бірдей декларациялауды енгізуді 2020 жылғы 1 қаңтардан 2021 жылғы 1 қаңтарға ауыстыруды және бұдан әрі кезең-кезеңімен көшуді көздейді.

Бірінші кезеңде - 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау шеңберіндегі декларацияны жауапты мемлекеттік лауазымдағы адамдар мен олардың жұбайы (зайыбы); мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайы (зайыбы); мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайы (зайыбы); «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларация ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар болып табылатын жеке тұлғалар тапсырады.

Екінші кезеңде - 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері мен олардың жұбайы (зайыбы), сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайы (зайыбы) болып табылатын жеке тұлғалар, үшінші кезеңде - 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайы, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайы, төртінші кезеңде - 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары декларация тапсырады.

Jýsan Bank пен First Heartland Bank бірігуі

2019 жылы ақпан айында «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектебі» автономдық ұйымдарының қаржылық холдинг компаниясының инвестициялық бөлімшесі «First Heartland Securities» АҚ «Цеснабанк» АҚ қарапайым акцияларының 99.5 пайызын сатып алған болатын. Ал 29 сәуірде «Цеснабанк» АҚ атауы «First Heartland Jýsan Bank» АҚ болып өзгерді.

2 қыркүйекте Jýsan Bank пен First Heartland Bank бірігуі процесінің аяқталғаны ресми жарияланып, банк First Heartland Jýsan Bank атауын алды. Нәтижесінде біріккен банктердің активі 1,264 трлн теңгені құрады. Бірігу процесі аясында банктің меншікті капиталы 14 пайызға, 144 млрд теңгеге дейін, ал клиенттерінің қаражаты 620 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Ұлттық банк елордаға көшеді

2019 жылдың 9 қыркүйегінде ҚР Ұлттық банкі басшысы Ерболат Досаев бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан Ұлттық банктің елордаға көшірілетіндігіне қатысты бастамаға соңғы нүктені қойып, қаржылық реттеушінің бас кеңсесі елордаға 2020 жылы қоныс аударатындығын айтты. Сонымен қатар ол Алматының қаржылық орталық ретіндегі мәртебесі жоғалмайтынын, өзге банктер де басты кеңселерін Нұр-Сұлтан қаласына жаппай көшірмейтіндігін атап өтті. Тіпті First Heartland Jýsan Bank басты кеңсесін Алматыға көшіріп жатқанын алға тартты.

«ҚР Ұлттық банкінің еншілес ұйымдары Алматыда қалады. Бұл керісінше Алматының дамуына жаңа серпін бермек. ҚР Ұлттық банктің ақша-несие саясатын жүзеге асыру үшін жаңа коммуникациялық жағдайлар жасалуы мүмкін. Сарапшылардың мәлімдеуінше, Евроодақта 90 және 95 жағдайда жағдайда Орталық банктер астаналарда орналасқан», - деген еді Ұлттық банк басшысы.

Жаңа монета шығарылады

2020 жылы елімізде номиналы 200 теңгелік монета айналысқа шығатындығы белгілі болды. Мұндай қадамға Ұлттық банк ары кеткенде 1,5 жылдың ішінде тозып кететін қағаз 200 теңгеліктің жарамдылық мерзімін ұзарту мақсатында барғаны белгілі. «Төмен номиналдағы банкноттар 1-1,5 жыл ішінде тозады. Салыстыру үшін, жоғары номиналдағы банкноттар және монеталардың қолданылу мерзімі көбірек. Монеталардың қолданылу мерзімі – 10-15 жыл», - деген еді осы мәселеге орай ҰБ Қолма-қол ақша айналысы департаменті басшысы Жомарт Қажмұратов.

Оның айтуынша, номиналы 200 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және төлемдердің барлық түрлері бойынша қабылдануға міндетті. Олар табиғи тозуына қарай айналымнан алынады. Номиналы 200 теңгелік монеталарды енгізудің жоспарланып отырған көлемі айналыстағы монеталардың жалпы сомасының 26 пайызын құрайды.

Экономика өсімінің болжамы жақсарды

Қазақстан Ұлттық банкі ағымдағы жылы елдің ішкі жалпы өнімінің 4,2 пайызға дейін өсуін болжады. Ал 2020 жылы республика экономикасы 3,8 пайызға өседі деп күтіледі. Ұлттық банктің таяуда жарияланған «Инфляцияға шолуында» 2019-2020 жылдары экономиканың өсуі бойынша болжамдар ұлғаю жағына қарай қайта қаралғандығы айтылған.



Соңғы жаңалықтар