2019 жыл: Алматыны қандай өзгерістер күтіп тұр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның ірі қалаларының бірі - Алматы қаласының дамуында  биылғы жылы елеулі өзгерістер аз болған жоқ. Ал қала әкімдігі келер жылы қандай ауқымды істер атқармақшы? Осыған дейін жарияланған  құзырлы органдардың уәделерін тағы бір рет назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

2019 жылы қаланың экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени саласын бірқатар өзгерістер күтіп тұр.

Оның бірі қаланың ең түйткілді мәселелерінің бірі - экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында қала транспорттық реформасын жүзеге асыруды ары қарай жалғастырмақ .

Қоғамдық көлік

Қала билігі қоғамдық көлік шығаратын түтінді азайту мақсатында автобус паркін жаңартуды қолға ала бастады. Осы мақсатта келер жылы да көлік реформасы бағдарламасы жалғасатын болады. Тасымалдаушылар экологиялық таза, тек газбен жүретін автобустарды сатып алып жатыр. Биылдың өзінде 479 жаңа автобус алынса, келесі жылы тағы 600 автобус алу жоспарланған. Олардың басым бөлігі бюджеттен тыс қаржы есебінен сатып алынуда. Мұндай жағымы өзгерістер троллейбус инфрақұрылымын да күтіп тұр.

Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы троллейбус жолының байланыс-кабельдік желілерін реконструкциялау бойынша ауқымды жоба әзірледі. Жоба 2019 жылдан бастап жүзеге асырылады.

Жаңарту жұмыстары барысында 172,62 км байланыс желісі жөнделіп, 529 байланыс желісінің тірегі мен оқшауланған аспалы жүйелер, бойлық көтергіш арқаны мен троллейбустың байланыстырғыш сымдары ауыстырылады. 39,81 км қашықтыққа АСБ кабельдері тартылады.

Базарлардың келбеті қандай болмақ?

Бүгінде Алматыда 57 базардың 17-сі қайта жаңғыртылды. Жыл соңына дейін тағы 8-і  пайдалануға берілмек. 2020 жылға дейін 26 базар қалпына келтіріледі. 2019 жылы «Сарыарқа» және «Арыстан» базарларын жаңғырту басталады. Олардың орнында жер асты паркингі бар, жайлы заманауи сауда орталықтары пайда болады.

«Арыстан» базарына сәулеттік жоспарлау тапсырмасы берілді. Мақұлданған эскиздік жобасы да дайын. Жаңғырту 2019 жылдың екінші тоқсанынына жоспарлануда. "Сарыарқа" базарының эскиздік жобасы 2019 жылдың үшінші тоқсанында немесе 2020 жылдың басында аяқталуы мүмкін.

Метроға 8 вагон сатылып алынады

Алматы жерасты жүрдек пойызының құрамы тағы 8 жаңа вагонмен толығатын болады. Бұл қозғалыс интервалын төмендетіп, күн сайынғы жолаушы ағынын 86 мың адамға дейін жеткізеді. Сонымен қатар, «Достық» пен «Сарыарқа» метро стансаларының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Осы мақсатта  жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қосымша қарастырылып отыр.

Қала билігі 2019 жылдан бастап мегаполистің бірқатар күретамыр көшелерінде жол қозғалысы жылдамдығын азайтпақ.

Әкім Бауыржан Байбек  сарапшылар мен қоғамның негізгі бар талаптарын ескере отырып Әл-Фараби, Саин және Шығыс айналма жолында жылдамдық сағатына 60 шақырымға дейін шектеу енгізілетінін айтты.

2019 жылы Алматыда суық судың тарифі 10 пайызға арзандайды. «Алматы Су» РМК ресми өкілі Серік Шағыров Өңірлік коммуникациялар қызметінде 1 қаңтардан бастап 55 теңге 56 тиын болған 1000 литр судың бағасы 50 теңгеге арзандайтынын айтқан болатын.

Цифрлы медицина игілігі

Алматыда қазір 72 мекемеде «қағазсыз аурухана» пилоттық бағдарламасы жүзеге асып жатыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл мекемелер аталған форматқа 100 пайыз көшеді.

Қала көшелері келесі жылы айтарлықтай түрленетін болады

Жақында Алматыда Urban forum өкілдері мен қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы 2019 жылғы жұмыс жоспарымен бөліскен болатын.

Басқарманың хабарлауынша, бүгінде қалада қайта жасау бойынша жобалардың көпшілігі сараптамадан өтіп жатыр. АрхКод жобасының өкілі Дэвид Камински Жібек жолы, Қазыбек би, Қонаев көшелерін қайта жасау кезінде нөсер суы ағатын кәріз жүйесі ескерілмегенін алға тартты.

Шетелдік сарапшының ұсынысымен Алматыда келесі жылы жауын кәрізі жүйесі жасалатын болды

2019 жылы бес ықшам ауданда 22,6 шақырым жол салынып, 170 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.  Кіші көлік айналымы аясында үш жолайрығының құрылысы жалғасады. Қала кеңістігінің қолайлығын қамтамасыз ету барысында екі жыл ішінде тарихи орталықтың 60%-ы жаңарды.

2019 жылы «Қала адамдар үшін» принципі бойынша жаяу жүргінші аймақтарын абаттандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Жібек Жолы, Байсейітова, Төле би көшелері бар. 7 ауданның әрқайсысында кеңейтілген тротуарлары бар бір көшеден жөнделетін болады. Оларға заманауи көше жиһаздары қойылады, бес парк пен скверге күрделі, тоғыз парк пен скверге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Келер жылы аулаларда ауқымды жөндеу жұмыстары қолға алынады. Қазіргі кезде әрбір үшінші аула жаңарған, олардың көпшілігі қаланың шет аудандарында орналасқан. Егер биыл 575 аула абаттандырылса, 2019 жылы тағы 600 аула жаңарады. Қалада 2019 жылы 8 мектеп бой көтереді. Мемлекеттік- жекешелік әріптестік аясында көше жарықтары толық жаңғыртылады. Қазірдің өзінде жарық көздерінің 30%-ы диодты шамдарға ауыстырылған. Жаңа көшелер ғана емес, тротуарлар да жарық болуда. 2019 жылдан бастап декоративті гүлді және вертикалды көгалдандыру жобасы  іске асып, 12 мыңнан астам ағаш пен бұтақ отырғызылады. Сел қаупінің алдын алу үшін мұз көлдердің ахуалын алдын ала біліп отыруға мүмкін беретін мониторинг станциясының цифрлы жүйесінің алғашқы кезегін енгізу басталады.   

Туризм

Туристік тартымдылықты арттыруға мүмкіндік беретін жобалардың бірі 2019-2020 жылдарға жоспарланған.  Келесі жылы «Алматы-2» теміржол вокзалының ғимараты қайта жөндеуге жабылады. Алматыға сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан  Сағынтаевқа жобаның «Алматы-2» және «Алматы-1» арасында екінші жолды, қосымша терминалды, жерасты өткелдері мен қала маңы бағыттары үшін жаңа жолаушылар платформаларын салуды қарастыратыны баяндалды. Жалпы, вокзалды жаңғырту нысанның пайдалы аумағын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қалаға келетін туристердің санын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік бермек.

Қоғамдық қабылдау

Алматы қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Алматы бас жоспар» ғылыми-зерттеу институтында болып, оңтүстік астананы одан әрі дамыту жоспарымен танысқан еді.

Институттың жаңа ғимаратын қараған Премьер-Министр ситуациялық орталықтың жұмысымен танысты. Нью-Йорк, Сингапур, Лондон үлгісімен қаланы тиімді басқару үшін Big Data үлкен ақпарат платформасы құрылды. Басқаша айтқанда, бұл Алматы қаласын басқарудың болашақ ойлау орталығы. Ситуациялық орталықта 10 қалалық және республикалық жүйе біріктірілген. 2 жыл ішінде 27 жүйе мен деректер базасын біріктіру жоспарланып отыр. Жүйеде қаланың автотрафигі жөніндегі деректер, қоғамдық көліктің жолаушылар ағынының күнделікті көлемі, мектептер мен балабақшалардың жүктемесі туралы мәліметтер бар. Қылмыс жағдайын талдау, бюджеттің орындалуын бақылау бойынша сараптама жүргізіліп жатыр. Қала әкімі Бауыржан Байбек нақты уақыт режімінде 1000-нан аса даму индикаторы бойынша талдау жүргізіліп жатқанын хабарлады. Big Data талдауы негізінде әртүрлі қалалық көрсеткіштердің ұзақ мерзімді болжам моделі құрылуда: Алматы экономикасының тиімділігі, халықтың саны мен құрамы, әлеуметтік-экономикалық дамуға жанама факторларының әсері. Басқарудың нақты шешімдерінде көрініс табатын мегаполисті басқарудың түрлі модельдері әзірленіп жатыр. Бұдан басқа, Алматы қаласының цифрлы 3D-голографиялық макеті мен түрлі мәселелерді шешуде халыққа қызмет көрсету үшін құрылған «Оpen Almaty» қоғамдық қабылдауының жұмысы таныстырылды.  

Қарттарға құрмет - қоғам парызы

2019 жылы Алматыда белсенді қарттарға арналған тағы екі орталық ашылады.

«Келесі жылы пилоттық режімде әлеуметтік қызмет көрсету мен әлеуметтік көмектің бейтараптандырылған моделі, яғни «бір терезе» қағидасы енгізіледі. Қиын жағдайға түсіп қалған адамға түрлі инстанцияларға бару қажет емес, ол денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік көмек қызметін бір жерден ала алады», - деп хабарлады аймақтық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы қаласындағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиев. 

Оның айтуынша, қазіргі кезде «Белсенді ұзақ өмір» бағдарламасының жол картасын іске асыру жүргізілуде. Бұл шараларға 12 мыңнан астам адам қатысып жатыр.

Сонымен бірге, қалада мұқтаждық картасы құрылды - онда аталған бағдарламаға қатысуға ниет білдірген зейнеткерлер туралы мәліметтердің бірыңғай дерекқоры бар.

Айта кету керек, 2019 жылы Алматы қаласы Шеберлік жоспары шеңберінде дамитын болады.

Аталған жобаны қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы құрастырмақ. Шеберлік жоспары бас жоспардан да кеңірек болмақ.

Құжат тек қаланың құрылысын ғана емес экономика, экология салаларын да қамтитын болады.

Жалпы алғанда, қаланың келесі жылдағы дамуына қатысты құзырлы орган басшылары мен қала әкімінің көпшілікке жариялаған  уәделері осындай. Айтылған сөздің қайсысы орындаларын келер жылдың еншісіне қалдырдық.

 

Соңғы жаңалықтар