2018 жылы Астанада қанша отбасы баспаналы болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы Астанада барлық қаржыландыру көздері есебінен 23 460 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорда тұрғын үйлерді салу және пайдалануға беру бойынша елімізде көш бастап тұр.

Құрылыс және тұрғын үй саясаты қалалық басқармасының мәліметіне сәйкес, барлық қаржыландыру көздері есебінен тұрғын үйдің 2 378 мың шаршы метрі, яғни 23 460 пәтер пайдалануға берілді. Осылайша, 2018 жылы жоспар 100% орындалды.

«2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспананың 109 мың шаршы метрі (1 419 пәтер), оның ішінде кредиттік тұрғын үй - 47,2 мың ш/м немесе 481 пәтер, жалдамалы тұрғын үй - 15,1 мың ш/м немесе 154 пәтер, пилоттық жоба аясында апатты жағдайдағы үйлерді сүру бойынша - 47 мың ш/м немесе 784 пәтер пайдалануға берілді», - деп хабарлады ведомстводан.

Одан бөлек, жалпы ауданы 352 мың шаршы метрді құрайтын немесе 4 558 пәтерлік 15 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда, оның ішінде осы жылы жалпы алаңы 235,6 мың ш/м тұрғын үйді беру (3 106 пәтер) жоспарланған. Оның ішінде кредиттік тұрғын үй ТҚЖБ салымшылары үшін баспананың 82,5 мың ш/м (903 пәтер), жалға берілетін тұрғын үйдің 59,1 мың ш/м (731 пәтер), апатты жағдайдағы үйлерді сүру пилоттық жобасы бойынша 94,1 мың ш/м (1 472 пәтер) тапсырылады деп күтілуде.

Бұдан басқа, Астана «7-20-25» бағдарламасы аясында несие беру бойынша республикада ең жоғары көрсеткішке қол жеткізе алды. Бағдарлама іске асырылғалы бері 37 млрд теңге сомасына 2 591 өтініш түсті, оның ішінде 23,6 млрд. теңге сомаға 1 628 өтініш мақұлданды.

«Динамика көрсетіп отырғандай, Астанада соңғы екі айда апта сайын ипотекалық қарыз алуға орта есеппен 100 өтініш мақұлданады», - деді Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасында.

Сонымен қатар, елорда әкімдігі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы баспаналы болуға әлеуметтік көмекті көрсетуді елде алғашқылардың бірі болып енгізді. Мақсат - білім беру, денсаулық сақтау және құқыққорғау салаларында білікті мамандар корпусын құру. Осыған байланысты қала әкімдігі мен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. «Өткен жылы атанған сала мамандарының тұрғын үй сатып алуы үшін жергілікті бюджеттен 100 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Сертификат түрінде 1 млн теңгеге алғашқы 100 субсидия бөлінді, биыл да 2 000 субсидия (сертификат) беру жоспарланған», - делінген баспасөз хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар