2018 жылы 140 әлеуметтік шиеленістің алды алынды - Бас прокуратура

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы 140 әлеуметтік шиеленістің алды алынды. Мұндай дерек ҚР Бас прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, прокурорлардың актілерімен мемлекетке 34 млрд теңгенің орны толтырылып, 21 млрд теңгенің мүлкі қайтарылды. 2,4 млрд теңгенің еңбекақы берешегі өтелді. Мемлекет қорына 7 млрд теңгенің жер учаскелері қайтарылды. Сондай-ақ 21 млрд теңгеге халыққа өтемақысын төлетумен электр энергиясы мен жылу тарифтері азайтылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шамамен 140 әлеуметтік шиеленістің алды алынды.

Көлік прокурорларының күші авиация, темір жол және автомобиль көліктері саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шоғырланды. Осы бағытта мемлекет мүддесіне 6,4 млрд теңгеге ірі материалдық залал келтірудің жолы кесілді. Профилактикалық шаралармен әскери саладағы қылмыстылық 12 пайыз азайды.

Сонымен қатар алқа отырысында прокурорларға үстіміздегі жылы азаматтарды ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемімен қамтамасыз ету, газ және сумен жабдықтаудың тарифін белгілеу, халықтың әлеуметтік-қауқарсыз тобы - балалар, мүгедектер, зейнеткерлер мен басқаларының құқығын қорғау салаларындағы заңдылықты сақтау мәселесін тексеру тапсырылған.

«Біздің әрбір тексеруіміздің нәтижелері халық тұрмысының сапасын арттыруы және әлеуметтік проблемалардың алғышарттарын шешуі тиіс», - деді отырыста Қайрат Қожамжаров.

Бұған дейін 2018 жылы прокурорлардың көмегімен заңсыз ұсталған 766 азаматтың бостандыққа шыққанын хабарланаға болатын.

Соңғы жаңалықтар