2018 жылмен салыстырғанда елордада биыл әлеуметтік пәтер саны 9 есеге артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік пәтерлер саны артқанын, сол сияқты Алматы ауданында бірқатар мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Елорда аудандарын «Нұр-Сұлтан - жайлы қала« мастер жоспары аясында дамытып жатырмыз. Аудандар полиорталық қағидатына сай дамуда, яғни қажетті әлеуметтік нысандар жаяу қашықтықта орналасқан. Бүгінгі таңертеңгілік аралау барысында бірқатар жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үй құрылысының барысымен таныстым. Әлеуметтік тұрғын үй Алматы ауданында орналасқан. Тұрғын үй кешенінің бірінші қабаттарында оңалту орталықтары, балабақшалар, балаларға арналған үйірмелер және т. б. әлеуметтік нысандар ашылады», - деп жазды қала әкімі.

Оның айтуынша, Алматы ауданында бірқатар жаңа мектеп салынып жатыр. Бұл бір мезгілде жаңа ТК тұрғындарының оқушы орындарына деген қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.

«Үйлердің сапасына, абаттандыруға ерекше назар аударуды, құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырдым. Сапасыз жұмыс қабылданбайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл көрсеткішті 10 мың әлеуметтік пәтерге дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 9 есеге артады», - деді әкім.

Айта кетерлігі, қалада 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер салынып, пайдалануға берілсе, өткен жылы 7 мыңнан астам пәтер салынған.


Соңғы жаңалықтар