2018 жылға қарай ауылдық округтер бюджетін қалыптастыру жоспарланады - Қ. Өскенбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылға қарай ауылдық округтер бюджетін қалыптастыру жоспарланады. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

Кеңес жұмысында еліміздегі өзін-өзі басқару тұжырымдамасын дамыту туралы мәселелер талқыланған болатын.

Жиын барысында баяндама жасаған вице-министрдің сөзіне қарағанда, жалпы республика бойынша 2013 жылы 2457 жергілікті басқарудың арнайы бюджеттен тыс шоттары ашылған. «Бұл шоттарға кірістер мемлекеттік мүлікті жалға беруден, заңды және жеке тұлғалардың ерікті салымдарынан, сыртқы жарнама орналастырудан, әкімшілік құқық бұзушылықтың айыппұлдарынан түседі. 2015 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша аталмыш шоттарға шамамен республика бойынша 600 миллион теңге түскен», -деді Қ. Өскенбаев.

Бұл ретте вице-министр жергілікті өзін-өзі басқарудың бақылау шотындағы түсімдердің басым бөлігі заңды және жеке тұлғалардың ерікті жарналары екенін атап өтті.

Оның айтуынша, тұжырымдаманы жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде аталған қаражат ауқымды болмағанымен, бұл қаражаттың түсімі және жұмсалу тетігі жергілікті жұртшылықтың жергілікті қауымдастық істеріне қатысты белсенділігін арттырады.

«Жалпылама алсақ, 2018 жылға қарай ауылдық округтер бюджетін іске қосу жоспарланады. Дегенмен, олар төменгі буын деңгейіндегі өкілетті органдар құрылмайынша аудандық мәслихаттармен бекітілетін болады», деді Қ. Өскенбаев.

Еске сала кетейік, ҚР Президентінің Жарлығымен 2012 жылы Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы бекітілген болатын. Ал 2013 жылы жергілікті басқаруды дамытуға бағытталған заң нормалары қабылданып, онда жергілікті әкімдер сайлау мәселесі, төменгі буын әкімдерінің қаржылық және экономикалық дербестігі қамтылған еді.

Соңғы жаңалықтар