2018 жылдан бері теміржол өткелдеріндегі апаттан 22 адам зардап шеккен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2018 жылдан бері теміржол өткелдеріндегі жол апатынан 22 адам зардап шеккен. Оның екеуі көз жұмған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда ортақ қолданыстағы қазақстандық жолдарда автокөлік жолдарымен қиысатын 1 мыңға тарта теміржол өткелі бар. Республикалық желілерде мұндай қиылыстардың саны - 139. Автокөлік жолы мен пойыз жолы бір нүктеде қиысқан кезде, әрине, аталған өткелдерді кесіп өту ережелерін қатаң сақтау керек. Пойыздың өткелге жақындағанына 2,5 шақырым қалған кезде бағдаршамның өтуге тыйым салынатын түсі жанады, шлагбаум түседі де, көлік құралдары тоқтауы тиіс. Өткелді қоршайтын құрылғысы бар теміржол өткелдерінде бәрі автоматты түрде іске қосылып, көліктер қауіпсіз тәртіпте тоқтайды», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр ОҚК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, теміржол өткелдеріндегі ережелерді жетілдіру жұмысын қарай жалғастын таппақ.

«Бірақ, ол ережелерді жетілдіру жұмысын біз ары қарай жалғастыра береміз. 2018 жылдан бері мұндай өткелдерде 9 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 2 адам көз жұмды, 20 кісі әртүрлі дене жарақатын алды. Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, бұл жағдайды қосқанда 6 оқиға тіркеліп, 1 адам қайтыс болды, 15 адам зардап шекті. Біз бұл жағдайда қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін жұмысты күшейте беретін боламыз», - деді министр.

Еске сала кетсек, кеше Шамалған стансасында пойыз бен автобус соқтығысқан болатын.

Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды.

Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағымен іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істі Бас көліктік прокуратура бақылауына алды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде пойыз бен автобус соқтығысынан зардап шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.


Соңғы жаңалықтар