2017 жылы елді мекендер төңірегіндегі жерлерге түгендеу жүргізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы елді мекендер төңірегіндегі жерлерге түгендеу жүргізіледі. Бұл туралы бүгін «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы жобасын қоғамдық тыңдау барысында еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең біріншіден, біз бұл заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді де, жайылымдарды да тиімсіз пайдаланылған жағдайда қайтарып алуды көздеп отырмыз. Екіншіден, 2017 жылы жерді қайтарып алу үшін біз елді мекендердегі жағдайдың қандай екендігін нақты түсінуіміз қажет. Осыған орай біз жаңа жылдан бастап бастап елді мекендер маңызындағы және одан тысқары жатқан жерлерге түгендеу жүргізуді бастаймыз. Осыдан кейін барып жерді қайтарып алу үшін нақты қадамдарға барамыз», - деді Нысанбаев.

Вице-министрдің атап өтуінше, ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен көлемін «бір қолға» беруге жол бермеу мақсатында заң жобасымен қазақстандықтарға облыстардың әкімшілік аудандары шегінде жалға берілуі мүмкін ауыл шаруашылығы жерлерінің ең жоғары мөлшерін әр облыста алаптар бойынша белгілеу қарастырылған. Берілетін жерлердің ұтымды пайдаланылуын тексеру мақсатында тұрақты мониторинг жүргізу көзделген. Жалға алудың алғашқы 5 жылында жыл сайын, келесі кезеңдерде суармалы егістікке әрбір үш жылда, тәлімді жерге әр 5 жылда мониторинг жүргізілетін болады.

Мұнан бөлек, шекара маңы белдеуінде және мемлекеттік шекараның аймағында жерлерді беру талаптарын қатаңдату қарастырылған. Онда шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдіктердің қатысуы бар заңды тұлғаларға жерді иеленуге шектеу қойылады.

Ауыл тұрғындарының мал жаюы үшін жайылымдық алқаптардың жетіспеушілігі проблемасын шешуде заң жобасымен елді мекендер маңында тұрғындардың жеке малдарын ұстау мұқтаждарын қанағаттандыруға қажетті жайылымдардың көлемі анықталатын болады.

Соңғы жаңалықтар