2017 жылы ел аузынан түспеген тұлғалар

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2017 жыл Қазақстанда ел абыройын асқақтатқан асқан талант иелерін ашқан құтты жыл болды. ҚазАқпарат тілшісі былтыр көпшілік талқысына көбірек түскен тұлғалардың тізімін жасады.

Сонымен 2017 жылы ел аузынан түспеген кімдер?

ЖЫЛ ЖҰЛДЫЗЫ

2017 жылы Қазақстандағы жарық жұлдыздардың бірі - Димаш Құдайбергеннің есімі жер жаһанға танылды.

Димаш күллі әлемге Қытайдағы «I am Singer» жобасын арқылы әйгілі болды.

Қытайлықтар «Тәңір назарына алған әнші» атаған Димаштың дауыс диапазонына әлемнің түкпір-түкпірінен  белгілі әншілер мен өнерсүйер қауым таң қалысты.

Олардың арасында Лара Фабиан, Джеки Чан тағы басқа өнерпаздар бар.

Қытай БАҚ-тарында «Димаш феномені» деген термин пайда болды. Ол екі ел арасындағы мәдени қақпаны ашты деп жарысып жазды қытайлық баспасөз.

Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Таймс Cквердің ең үлкен басты лэд дисплейінде көрсетілгенін бұған дейін хабарлағанбыз. Әлемді талантымен тәнті еткен қазақстандық әнші Америка жұртшылығына да таныстырылды.

Димаш Global Shopping Festival-да әлемдік жұлдыздармен бірге қызыл кілем үстімен жүріп өтті

2017 Fresh Asia music Festival фестивалінде Димаш Құдайберген «Ең үздік шетелдік өнер тұлғасы» атағын жеңіп алды.

ЖЫЛ ӘНШІСІ

Жыл соңында 10 жастағы жарық жұлдыз Данэлия Төлешова қазақстандықтардың ғана емес, бүкіл әлем назарына ілінді. Жас әнші Украинада өткен «Голос. Діти» шоуында бас жүлдені жеңіп алды.

Алғашқы кезеңде ол  «Stone Cold» әнін орындап, барлық қазылар алқасын тәнті етті. Данэлияның әнін Youtube желісінде 8 млн-нан астам адам көрген.

Жас өнерпаздың анасы ҚР Мәдениет және спорт министрімен кездесу барысында балаларға арналған «Junior Eurovision» байқауына қатысу жоспарда бар екендігін айтты.

ЖЫЛ ИНТЕЛЛЕКТУАЛЫ

Қазақстандықтар тек қана өнер саласында ғана жасындай жарқылдаған жоқ. Биыл елімізде тұңғыш рет 12 жастағы бала мектепті экстерн бітірді.

Абзал Мырзаштың есімі соңғы қоңыраудан соң жалпақ жұртқа жайылды.

«Вундеркинд» бала 3 жасына жетпей-ақ, әріптерді қосып оқи бастаған. Ал 4 жасында екі таңбалы сандарды көбейтуді меңгерген. Ерекше қабілетінің арқасында ол 3, 5, 7, 9, 11-сыныптарды ғана оқып, небәрі 7 жылда, 12 жасында мектеп түлегі атанды.

ҰБТ-дан 117 балл жинаған Абзал IELTS сынағынан да сертификатқа қол жеткізген. Мемлекеттік гранты бар ең жас талапкерге еліміздің 4 ЖОО-сы таласқан. Зерек оқушы Массачусетс технологиялық университетіне түсуге ынта білдірген екен. Шетелдік университет баланы қабылдауға да әзір болған. Алайда, 14 жасқа дейінгі талапкерлерге Америкаға отбасымен бірге көшу керек деген шарт болғандықтан, Абзалдың туған-туыстары бұл жоспарды кейінге қалдырған. Төрт оқу орнының ішінде Абзалдың таңдауы Қазақ-Британ университетіне түсті.

ЖЫЛ ПАТРИОТЫ

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова алматылық оқушы Давид Балтабаевты «патриоттықтың үлгісі» деп атады.

10 жастағы оқушы ауланы қоқыстан өз күшімен тазартты. Бостандық ауданы Қазақфильм шағын ауданында орналасқан тұрғын үйдің маңы күл-қоқысқа толып қалған. Жоғары қабатта тұратын тұрғындар қоқыстарын арнайы орынға апармай, терезеден лақтыра берген.

3-сынып оқушысы Давид Балтабаевтың мұндай игі іс істеуіне әкесі Елдар Әлімбаев мұрындық болған. «Айналадағы қоқыстан жағымсыз иістер шыға бастады, егеуқұйрықтар қаптай бастады. Аула тазаланбағанына шамамен 2 аптадай болды. Балам қоқыстарды арбаға тиеп, 200 метр жердегі қоқыс жәшігіне 2-3 рет тасыды. Қалғанына мен көмектестім. Әлеуметтік желіге салғандағы ойым осындай кішкентай мысалдар арқылы басқаларға да үлгі болсақ деген ниет болды», - деді Елдар Әлімбаев.

Әкелі-балалы алматылықтар Әлеуметтік желіде #чистаяалмата хэштегін құрды. Олар қаланың тазалығына немқұрайды қарамауға шақырады.

Жас оқушы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алматы қаласының белсенді азаматы» атағын жеңіп алды.

ТӘКАППАРЛЫҚТЫҢ ЭТАЛОНЫ 

Сонымен қатар, соңғы кезде үлкеннің де, кішінің де тілге тиек еткен тақырыбы - әнші Төреғалидің Павлодардағы концертінде көрсеткен қылығы болды.

Әншінің тыңдарманына зекіген видеосы Youtube желісінде 230 мың рет қаралған. Бұл видео жарияланысымен Төреғали тақырыбы желідегілер арасында көкпарша тартылды.

Әлеуметтік желіде қолданушылардың бір бөлігі  Төреғалидің қылығы мен кешірім сұрауын сынап жазса, өзгелері ел еркесін ақтап жатыр.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Төреғалидің әрекетін көрерменді құрметтемеу деп бағалайтындығын айтқан болатын.

Сонымен қатар, әншінің әкесі де Талдықорғандағы концертінде тілшілерді балағаттап, дөрекі мінез көрсеткен болатын.

ЖЫЛ АЙТҚЫШЫ

Көпшіліктің талқылауынан түспеген тұлғалардың бірі - Бауыржан Байбек. Қала әкімінің 500 теңгеге түскі ас ішуге болады деген сөзі желіде кеңінен талқыланып, арты мемдерге ұласты.

Қалың көпшілік, журналистер, блогерлер Байбектің сөзінен кейін 500 теңгеден түскі ас ішуге болатын мейрамханаларды іздеп, аралап кетті.

Кейбір тамақтану орындары «Байбектен келгендерге» арнайы акция ұйымдастырды.

Өтіп бара жатқан 2017 жылда ел есінде қалған тұлғалар осы болды. Келер жылы да спорт, өнер, мәдениет  саласында жарық жұлдыздар жанатынына сенейік.

Соңғы жаңалықтар