2017 жылы Алтынкөл станциясы арқылы 1,5 млн тонна жүк өтті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 2017 жылы Алматы облысындағы Алтынкөл станциясы арқылы 1,5 млн тонна жүк өтті. Қытайдан келген жүк пойызы 4 сағатқа жуық уақытта қабылданып, барлық құжаттары рәсімделеді. Дегенмен кеден қызметінде әлі де қағазбастылық көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан-Қытай шекарасына іссапармен барған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев жүк қозғалысының кедергісіз өтуі үшін цифрлық жүйеге көшуді жеделдету қажеттілігін айтты. Бұл мәселе Елбасының биылғы Жолдауында да атап өтілген болатын. Вице-премьер сондай-ақ Қорғас халықаралық шекарамаңы ынтымақтастық орталығында болып, бірқатар кемшіліктерді түзетуді тапсырды. Мәселен орталықтағы адам тасымалдайтын автобустар көбіне олардың жүктерін тасиды. Асқар Жұмағалиев сала мамандарына олқылықты жылдам жойып, оң шешімін табуды міндеттеді.

«Автобустар бойынша бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. Орталықтан өтетін халық жүкті шамадан тыс асырып жібереді. Бұл өзге туристерге қолайсыздық туғызады. Біз мемлекеттік кірістер комитетімен ақылдаса отырып бұл мәселені көктемге дейін шешуге тырысамыз», - деді «Қорғас» ХШЫО президенті Қаһарман Жазин.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. 

Соңғы жаңалықтар