2017 жылғы әлемдегі басты оқиғалар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік деңгейде қызығы мен шыжығы мол 2017 жыл тарихқа айналып, жер жаһанның жеті миллиард халқы жаңа 2018 жылға аяқ басқалы отыр. «ҚазАқпарат» ХАА ел ішіндегі елеулі оқиғаларды сараптап қана қоймай, тауық жылындағы ең негізгі әлемдік жаңалықтарға шолу жасап көрді.

Дональд Трамптың басшылығындағы Америка

20 қаңтар күні Дональд Трамп АҚШ Президенті ретінде жұмысын бастады. Содан бері Американың жаңа әкімшілігі бүкіл әлемге әсерін тигізген бірнеше қадамдарды жасады десе де болады.

Наурыз айында Дональд Трамп АҚШ пен ДСҰ қатынасына тексеру жүргізу туралы тапсырма берді. Ақ Үй осынау әрекетімен Вашингтон ДСҰ-ның шешімін көзге іле қоймайтынын көрсетті.

АҚШ сонымен қатар, ЮНЕСКО - БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша ұйымға мүше болудан бас тартатынын жариялады. Бұған қоса Еуродақтағы одақтас елдердің өтініші бойынша, Вашингтон БҰҰ-ның климат бойынша Париж келісімінен шыққалы жатқанын хабардар етті.

Сонымен бірге, Вашингтонның Иранның ядролық бағдарламасы бойынша қарым-қатынасы өзгеріп шыға келді. Бұл Америка Президенті үшін «ең сәтсіз келісім» болды десе де, әлемдік қоғамдастық үшін бұл «дипломатиялық жеңіс» болғанын, сәл де болсын әлемді атом қаруынан қауіпсіздеу еткенін айта кету керек.

Соңғы уақытта Америка Президенті Дональд Трамптың Иерусалимге қатысты мәлімдемесі жер жаһанды дүр сілкіндірді десе де болады. Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде мойындауы әлемдік деңгейдегі шудың күрт көтерілуіне түрткі болып отыр. БҰҰ шұғыл Бас ассамблеясында АҚШ-тың бұл шешімін қайта қарауы керектігі туралы қарарға 128 ел дауыс берді. Қарсы болғандары тек 9 ғана мемлекет. Оның үстіне 9 мемлекеттің ішінде осынау шешімге негіз болып отырған АҚШ пен Израиль бар. Дауыс беру кезінде 35 мемлекет қалыс қалды.

«Гренфелл-тауэрдегі» өрт

Маусым айында Лондондағы 24 қабаттық «Гренфелл-тауэр» ғимараты қызыл жалынға оранып, 79 адамның өмірін қиып кетті. Тілсіз жау түнгі уақытта тұрғындардың бірінің тоңазытқышынан шыққан. Санаулы минуттардың ішінде өрт екінші қабаттан бастап, 24 қабатқа дейін ұласып кеткен.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына бар-жоғы 6 минуттың ішінде ғана келсе де, жалынның тез тарауының салдарынан олар жоғары қабатқа шығу арқылы адамдарды құтқара алмай қалды. Өрт сөндірушілер екі күн бойы тынымсыз тілсіз жаумен күресті.

Қыр көрсеткен КХДР

Өтіп бара жатқан жылы да Солтүстік Корея дегенінен қайтпай, әлемді ядролық қарумен қорқытуын тоқтатар емес. Әлемдік бірлестік бұл тығырықтан қалай шығарын білмей әлек.

Қыркүйек айында Солтүстік Корея кезекті рет ядролық сынақ өткізді. Пхеньян бұл жарылыстың термоядролық екенін хабарлады. Қытай, Оңтүстік Корея, Еуроодақ, Қазақстан және өзге де мемлекеттер бұл сынаққа бірауыздан қарсылықтарын білдіргенімен, ҚХДР «Хвасон-15» құрлықаралық баллистикалық зымырандарының сынағын өткізді. Бұл зымырандар керек десеңіз, АҚШ-қа дейін жетуге қауқарлы.

Бұған жауап ретінде БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Солтүстік Кореяға қарсы қатаң санкциялық шаралар қарастырылатын бірқатар қарар қабылдады. Өз кезегінде, КХДР бұл қадамды «соғыс жариялау актісі» ретінде қабылдап, мемлекет ары қарай ракеталық-ядролық бағдарламаны дамыта беретінін мәлімдеді.

Франция мен Германиядағы сайлау

Биылғы жылы Франция мен Германияда өткен сайлау да ерекше айтулы жаңалықтардың бірі десе де болады. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша Францияда (23 сәуір) «Алға» және «Ұлттық фронт» партияларының жетекшілері Эммануэль Макрон мен Марин Ле Пен өзгелерден оқ бойы озып шықты.  

Макрон бірінші кезеңді 24% көрсеткішпен аяқтаса, Марин Ле Пеннің жеткен пайызы 21 болатын. Бұл сайлау социалистік партия мен «Республикалықтардың» екінші кезеңге түспей қалған бірден-бір сайлауы екенін айта кету керек. 7 мамырда өткен сайлаудың екінші кезеңі бойынша 66 пайызға қол жеткізген Эммануэль Макрон сенімді түрде жеңіске жетті.

Ал 24 қыркүйек күні Германияда да сайлау өткенімен, канцлер Ангела Меркельдің алдына түсер ешкім болмады. Бірақ, жеңіске жеткенімен, оның партиясы партиялардың коалициясын құра алмады. «Ямайка» атты коалиция құру туралы пікірталас ақыры 4 аптаға созылып кетті. Бұл жағдайдан кейін Германияның федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Германияның социал-демократиялық партиясына оппозицияға кету жөніндегі шешімінен бас тартып, коалицияға қосылуға шақырды. Оның артынша социал-демократтар консерваторлармен кеңес жүргізу жұмысына дауыс берді. Кеңес 2018 жылдың қаңтар айында өткізілмек.

Каталонияның Тәуелсіздігі туралы референдум

1 қазан күні Каталонияда автономияның Испания құрамынан шығуы туралы дауыс беру ұйымдастырылды. Референдум заңсыз өткенімен, Мадридтегі орталық үкімет пен Барселонадағы аймақтық биліктің қаншалықты бір-бірінен алыс екендігі көрініп қалды. Испания үкіметі референдумның өтуіне барынша қарсылық танытқанымен, бұл ахуал бықсыған шоқты одан әрмен лаулата түсті. Бөлінуді қалағандардың идеясының Барселонадағы басымдығы жағдайды тіптен ушықтыра түскен еді.

2 қазан күні Каталония билігі Испания басшылары референдумға кесірін тигізе алмағанын, тұрғындардың 90 пайызы Тәуелсіздікті қолдайтынын мәлімдеді.

Мадрид бұл қадамды сепаратизм деп танып, референдумды мойындаудан бас тартты. Каталония қойған екі бірдей ультиматумның мерзімі соңына жеткеннен кейін Испания Парламенті ел Конституциясының 155-бабы аясында аймақтың автономиялық өкілеттілігінің тоқталуына дауыс берді.

Мерзімінен бұрын сайлаудың өтетіні жарияланып, аймақтық үкімет таратылды. Мадридтің билігінен қағылған. Каталонияның басшысы Карлес Пучдемон өзінің жақтастарымен бірге Барселонадан Бельгияға шығып кетті. Испанияда ол көтеріліс жасағаны үшін 30 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.  

Ирандағы сайлау

Әлемдік бірлестіктердің айтарлықтай назарын Ирандағы сайлау да өзіне аудара білді. Мемлекет басшысы Хасан Руханидан бөлек, ел басшысы атануға тағы үш үміткер түскен еді.

Негізінен Ирандағы басты қарсыластық Рухани мен Эбрахим Раисидің арасында өрбіді. Рухани 2015 жылдың шілде айында қол қойылған Иранның ядролық бағдарламасының келісімі бойынша Батыспен жақындасу саясатын жалғастыру керек дейді. Ал Раиси өз кезегінде АҚШ пен Батыс елдеріне келгенде ымырасыз қатаңдықты ұстанады.

19 мамырда өткен президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша Хасан Рухани жеңіске жетті. Ол өзінің ең басты қарсыласынан 7 миллион дауысқа озып кетті.

Иранда президент сайлауы 4 жылда бір өтеді. Ол атқарушы билікке жетекшілік етіп, рухани көшбасшы Әли Хаменейден кейінгі екінші тұлға болып саналады.

Мьянмадағы рохинджаларға қатысты ахуал

Тамыз айында Мьянмадағы жаппай қырғын әлемді өзіне жалт қаратты. Буддизм діні кеңінен тараған елде этникалық және діни қайшылық бұрыннан бері бар еді. Мьянманың батысындағы Ракхайн штатында будда дінін ұстанған жергілікті халықпен бірге, мұсылман рохинджалар да тұрады. Олар Бенгалия аймағынан келген (қазіргі Бангладеш) халықтың бір шоғыры. 25 тамызда «Аракандағы рохинджаларды құтқару армиясының» сарбаздары полиция посты мен мьянмалық армияға шабуыл жасап, 12 адамды өлтіргеннен кейін елдегі ахуал ушыға бастады.

Бұдан кейін Мьянма әскері антитеррористік операцияны қолға алды. Осының салдарынан 400-ге жуық адам қырылып 400 мыңға жуық халыққа көршілес Бангладешке қашуға тура келді.   

БҰҰ мен басқа да елдер Мьянма билігінің бұл әрекетін өткір сынап, аңдуды тоқтатуға, ал БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссары Зейд Раад аль-Хуссейн Мьянманы әскери операцияны тоқтатуға, этникалық тұрғыда аз халықты шеттетуді қоюға шақырды.

Ирандағы жер сілкінісі

12 қараша күні Иранның батысында 7,3 магнитудалық жер сілкінісі болып, салдарынан 600 адам о дүниеге аттанды. 8 мыңға жуық халық жарақат алды. Бұл жер желкінісі 2017 жылғы ең көп адамның шығынына әкеп соқтырған апат ретінде тіркелді.

Зілзаланың ең негізгі ошағы Иранның батысындағы Керманшах пен Илам провинцияларында болды. Ондағы 12 мыңға жуық ғимараттың күл-талқаны шықты.

Ирак пен Сириядағы ДАИШ-тың көзінің құртылуы

Өтіп бара жатқан жыл әлем үшін Сирия мен Ирак елінің аумақтарын басып алған ДАИШ әскерінің талқандалуымен есте қалды.

Лаңкестерге қарсы жергілікті биліктің әскери әрекетін АҚШ, Ресей, Иран мен өзге де мемлекеттер бастаған халықаралық коалиция белсенді түрде қолдады.

ДАИШ әскерінің толығымен жойылғаны туралы РФ Қорғаныс министрі президент Владимир Путинге 6 желтоқсан күні баяндады.

«Екі сағат бұрын Қорғаныс министрі Евфраттың батысы мен шығысында лаңкестердің толығымен жойылғанын баян етті. Әлбетте, әлі де жекелеген ошақтар болуы ықтимал, бірақ жалпы осы кезеңдегі әскери әрекеттер лаңкестердің толығымен көзінің құртылуымен аяқталды», - деді Путин.

Осыған байланысты Сириядағы әскери әрекеттер соңына жетіп, Ресей әскерінің бір бөлігі ол елден шығарыла бастады.

Осыдан кейін, 9 желтоқсан күні Ирактың ДАИШ әскерінің тұзағынан құтылғаны туралы сол елдің премьер-министрі Зайдер Әл-Абади мәлім етті. Арада үш күн өткен соң, АҚШ президенті Дональд Трамп лаңкестердің жеңілгенін хабарлады.

ДАИШ-тың Ирак пен Сириядағы жеңілісінен кейін лаңкестердің бір бөлігі қашып үлгерді. Тағы бір бөлігі Ливия мен Йемен елдерін паналады. Ал кейбірі өз елдеріне қайтып келді. Қазіргі уақытта соғыс ошағына айналуы мүмкін елдердің бірі ретінде Ауғанстан аталады.

Роберт Мугабенің отставкасы

Зимбабвені 1980 жылдан бастап билеген президент Роберт Мугабе ақыры лауазымынан биыл кетті. 15 қараша күні зимбабвелік әскерилер мемлекеттік телевидениені бақылауға алып, үкіметтік ғимараттарға, соттар мен парламентке баратын жолды жауып тастады.

Әу баста әскерилер мемлекеттік төңкеріс туралы ештеңе демей, президенттің маңындағы қылмыскерлерді жауапқа тартуды талап етті. Президенттің өзі болса үйқамаққа алынды. Бірнеше күннен кейін Зимбабвенің астанасы Харарда мыңдаған адам көшеге шығып, Мугабеден қызметінен кетуді талап етті.

Роберт Мугабе осы аралықта әскерилермен келіссөз жүргізіп, егер өзінің әйелі - вице-президентті шетелге шығуға рұқсат етсе, лауазымын тапсыратынын айтты.

20 қараша күні Мугабе өзін және өзінің туыстарын қылмыстық жауапкершіліктен босатса, ел басшылығынан кететінін мәлім етті.

«Мен, Роберт Габриэль Мугабе, Зимбабвенің президенті постынан отставкаға кететінімді ресми түрде мәлімдеймін. Шешім бірден күшіне енеді», - деді ол өз мәлімдемесінде.

Астана процесі

Қазақстан - Сириядағы ахуалдың ретке келтірілуіне күш салып жатқан елдердің бірі. 2017 жылы Сириядағы қақтығыстарды ретке келтіру үшін жоғары деңгейде 8 отырыс өткізілді. Астана процесіне Ресей, Иран мен Түркия елдерінің делегациялары, Сириядағы өзара жауласқан күштердің, БҰҰ мен өзге де мемлекеттердің өкілдері қатысты. Айта кетерлігі, Қазақстанда құрылған осынау алаң бір үстелдің үстінде процеске қатысушылардың басын қосып қана қоймай, ортақ шешімге келуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, тараптар Сирия аумағында 4 деэслакация аумағын құруға келісті.

Соңғы жаңалықтар