2017 жылға дейін ішкі рейстердің санын 50 пайызға арттыру жоспарланып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік басымдықты саясат ұшу қауіпсіздігіне, авиақызметтің жұртшылық үшін қол жетімділігіне және транзиттік әлеуеттің дамуына негізделген. Бұл туралы Алматыда ұшу қауіпсіздігі мәселелеріне арналған кеңесте ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлімдеді, деп хабарланды аталған министрліктен.

Жиналысқа мүдделі тараптардың барлығы, атап айтқанда Инвестиция және даму министрілігінің, Азаматтық авиация комитетінің, ИКАО-ның Техникалық ынтымақтастық бюросының, авиакомпаниялардың, әуежайлардың, «Қазаэронавигация» РМК-ның басшылары қатысты.

ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев үкіметтің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлетіндігін атап өтті.

«Қоғам азаматтық авиациядан осыған сай жұмыс нәтижесін талап етуге құқылы. Сондықтан да біз бәріміз ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыруға жұмылуымыз және бұл үшін барынша күш салуымыз қажет», - деді ИДМ басшысы.

Айта кетейік, кейінгі жылдары ИКАО-ның қолдауымен авиация туралы негізгі заң халықаралық стандарттарды ескере отырып жаңғыртылды.

Авиациялық қызметтің барлық түрлері жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың штаты едәуір ұлғайтылған болатын.

Белгілі болғандай, 18 әуежайдың 13-індегі ұшу-қону жолақтары (ҰҚЖ) реконструкцияланды. Келесі айда Орал қаласындағы және бір ҰҚЖ-ның жөндеуі аяқталады.

«Авиациялық қауіпсіздікті арттыру жөнінде бірқатар шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, әңгіме арқауы әуежайларды техникалық бақылаудың заманауи құралдарымен жабдықтау, персоналды оқыту, лаңкестікке қарсы тұрудың қорғаныс шараларына қатысты болып отыр», - делінген ведомство мәліметінде.

Азаматтық авиацияны кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсақ, 2014 жылы Алматыдағы ИКАО-ның Қосалқы өңірлік оқу орталығында 240 адам дайындықтан өтті.

Жалпы 2015 жылы қазақстандық авиакомпаниялардың Еуропа Одағы елдеріне ұшуға қойылған шектеулерін алып тастау жоспарлануда. Сонымен қатар 2018 жылға дейін барлық ҰҚЖ-ларда реконструкциялауды аяқтау, 2017 жылға дейін ішкі рейстердің санын 50 пайызға, ал халықаралық рейстерді 1,5 есеге арттыру көзделуде.

Соңғы жаңалықтар