2017 жылдың 1 қаңтарынан көліктерге «SOS» жүйесі орнатыла бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығында Апаттар мен зілзалалар барысында жедел шақыру жүйесінің жұмысы (АЗЖШЖ/ЭВАК) таныстырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

АЗЖШЖ тиімділігін бағалауға Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау, «ҚазИнст» РМК бас директоры Хайрат Кәрібжанов, сондай-ақ ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, ҚР ІІМ ТЖ комитетінің, республикалық Санитарлық авиация және басқа да ведомство өкілдері келді.

Көрсетілім үшін үш автокөлік пайдаланылды: бірі Астана қаласында, екіншісі Алматы қаласында және үшіншісі Астана-Алматы тас жолында орналасты. Олардың барлығына Қазақстанда және Ресейде жасап шығарылған шұғыл қызметтерді шақыру құрылғылары орнатылды.

 

Жедел шақыру «SOS» тетігін басу арқылы жүзеге асырылды. Шақыруды АЗЖШ (112 Бірыңғай диспетчерлік қызметінің баламасы) жүйесін пайдаланудың бекітілген ережелеріне сәйкес, АЗЖШЖ операторы қабылдады. Апаттың орны мен толық мәліметтер оператордың электрондық картасында пайда болды. Жол-көлік апаты туралы карточка жүргізушіден дауыс каналы арқылы алынған ақпарат негізінде толтырылды.

Талқылау нәтижесінде АЗЖШ жүйесін 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап тәжірибелік қолданысқа енгізу ұсынылды.

 

«Бір жыл ішінде түйіткілдер шешілетін болады, соның ішінде ресейлік ГЛОНАС-пен және еуропалық жүйемен сәйкестендіру мәселелері. Осылайша, ҚР, РФ және Еуропалық одақ аумағындағы жол апаттары кезінде шақыру әлемдегі бірыңғай диспетчерлік қызметі - 112-ге  түсетін болады», - деп жазды шарадан кейін Альберт Рау Facebook парақшасында. 

Соңғы жаңалықтар