2016 жылы Петропавлда 20 көпқабатты үй жөнделеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, жолдар және тұрғындарды қыс кезіндегі ауа райының қолайсыз жағдайлары кезінде ескерту және қауіпсіз жерге шығару бойынша қолданылып отырған шаралар мәселелері қарастырылған аппараттық кеңес өткізді.

Бірінші мәселе бойынша Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов сөз сөйледі.

Оның ақпаратынша, кондоминиум нысандарының жалпы мүлігінің күрделі жөндеуден өткізілуі аймақтарды 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты 2011-2020 жылға дейін жаңғырту бағдарламасы жұмыс істегенін атап өту керек.

«2011 жылдан бастап, Петропавлда жалпы сомасы 2,4 млрд. теңгеге 148 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өткізілді. 2015 жылы жалпы сомасы 136,7 млн. теңгеге 6 үй жөнделген. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетіне 388 млн. теңгеге 20 үйді жөндеуге қажетті құжаттамасы бар бюджеттік өтінім жолданды», - деді Марат Иманбайұлы.

2015 жылы 15 көппәтерлі тұрғын үй мен 3 әкімшілік ғимараттың сырты жөнделді. 2016 жылы шамамен 50 көпқабатты тұрғын үйдің сыртын жөндеу жоспарланып отыр.

Петропавл әкімі сондай-ақ тұрғын үйді ұстау шығындарын төлеу үшін аз қамтылған отбасыларға жергілікті бюджет есебінен тұрғын көмек көрсетіліп отырғанын атап өтті. Бағдарламаны іске асыру жылдарында 2,5 мыңнан астам пәтер меншіктенушілері 155,2 млн. теңге көлемінде көмек алған.

Бүгінде Петропавл қаласының тұрғын үйді абаттандыру қоры 1041 көппәтерлі үйді құрап отыр. Қалада 883 көпқабатты тұрғын үйді немесе 84,8 пайызын қамтитын 627 басқару формалары бар. Қандай да бір формамен қамтылмаған 158 үй бар.

Ерік Сұлтанов қала әкіміне үйлерді басқарудың қандай да бір формасымен максималдық қамту жұмысын өткізуді тапсырды. Аймақ басшысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына Петропавлдағы көпқабатты үйлерде барлық жеделсатылардың жағдайын тексеру тапсырмасын берді.

«Жұмыс үш айдың ішінде өткізілуі тиіс», - деп түйіндеді Ерік Хамзаұлы.

Қысқы уақытта жолдардың жағдайы туралы жолаушылар көлігі және автомбиль жолдары басқармасы бастығының м.а. Серік Мұхамедиев баяндады.

«Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында қысқы уақытта қар басуы мүмкін 1021 шақырым учаске бар, соның ішінде 589 шақырым - облыстық маңызы бар жолдар және 432 шақырым - аудандық маңызы бар жолдар», - деді Серік Мақсұтұлы.

Облыстық маңызы бар жолдарды ұстау бойынша жұмыстарды «Петропавл жолдары» ЖШС іске асыруда.

Өз кезегінде, СҚО-ның төтенше жағдайлар бойынша департаментінің бастығы Павел Филиппов ауа райының қолайсыз жағдайы кезінде тұрғындарды ескерту және қауіпсіз жерге шығару бойынша қолданылып отырған шаралар туралы баяндады.

«Қысқы уақытта төтенше жағдайларды жою үшін облыс аумағында 744 адам, 349 инженерлік техника бірлігі және 240 жылыту пункті, сондай-ақ өту қасиеті жоғары 49 техника бірлігінен құралған күштер мен құралдар тобы даярланған», - деді Павел Владимирович.

Қыс басталғалы, 2016 жылғы 22 қаңтардағы жағдай бойынша автомобиль жолдарында 9 оқиғада шектеу енгізіліп, 11 дауылдық ескерту жасалған. Автомобиль жолдарында күртік қарда қалудың 87 оқиғасы тіркелген, қар құрсауынан 644 адам мен 305 көлік шығарылған.

«Жолдар тиісті деңгейде ұсталуы тиіс. Алдымызда әлі екі қыс айы бар», - деп атап өтті Е.Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар