2015 жылы мұнай баррелінің орташа бағасы 99 доллар болмақ - Халықаралық валюта қорының болжамы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2015 жылы мұнайдың 1 баррелінің орташа бағасы 99 доллар болмақ. Бұл туралы болжамын бүгін Алматыда өткен «Аймақтық экономиканың дамуы: Кавказ бен Орталық Азия» есебінің таныстырылымында Халықаралық Валюта қорының (ХВҚ) өкілі мәлім етті.

ХВҚ Таяу Шығыс елдері департаменті директорының орынбасары Юхи Кяхкененнің айтуынша, аталған болжам биылғы жаздың соңғы айларында қалыптасқан. Бірақ, сол уақыттан бері мұнай бағасы барреліне 15 долларға дейін төмендеді.

«Егер, осы ахуал сақталса, бұл мұнайды импорттайтын елдерге тиімді болмақ. Олар 1 пайыз өсімге қол жеткізеді. Ал, мұнай экспорттайтын елдердің экономикасы 0,5 пайызға төмендемек», - деді Юхи Кяхкенен.

ҚР Ұлттық банкінің халықаралық қатынастар және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Айдар Қазыбаев Қазақстанның жүргізіп отырған монетарлық саясаты ел экономикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді. Бұл халықаралық валюта қорының есебінде де көрініс берген.

«Саясат тұрақтылықты көрсетіп отыр. 2015 жылға өзге елдердің қаржылық жағдайына қарағанда Қазақстанда тек оң болжам жасалып жатыр. ХВҚ есебіне сәйкес бұл көрсеткіш ел экономикасын одан әрі тұрақтандыруға септігін тигізбек», - деді А.Қазыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Кавказ және Орталық Азия елдеріне Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдері жатады.

Соңғы жаңалықтар