2015 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналым 2 млрд. долларға жетеді - Елбасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан мен Ираның өзара тауар айналымы бір млрд. АҚШ долларына жетуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханидің қатысуымен

өткен Қазақстан-Иран бизнес-форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. «Иранмен өзара тауар айналымы соңғы кезде әлемдік экономикадағы ахуалға байланысты төмендеген болатын. Алайда, биылғы бірінші жартыжылдықта тауар айналымының өсіп келе жатқандығын байқатып отыр. Осы орайда биыл оның көлемі 1 млрд. доллардан асады деп есептеп отырмыз», - деді Елбасы.

Президент Қазақстан мен Иранның географиялық жақындығы, ортақ теңіздік шекаралар, ежелден жалғасып келе жатқан мәдени-гуманитарлық және тарихи байланыстар, сондай-ақ жоғары экономикалық әлеует екі елдің игілігі үшін екіжақты ынтымақтастыққа бағытталуы тиіс екендігін атап өтті.

Осы орайда Мемлекет басшысы бүгінгі форум екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды жаңа сапалы деңгейге шығаратындығына үміт артты.

«Бүгін біз экономиканың, саясаттың және өңірлік қауіпсіздіктің барлық салаларына қатысты проблемаларды көтердік. Сонымен қатар экономикалық ынтымақтастықтың басымдықты бағыттары бойынша мақсаттарды айқындадық. Бұл тұрғыда транзиттік-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, өндірістік, сауда және басқа салалардағы байланыстар талқыланды», - деді Президент.

Биыл Қазақстаннан Парсы шығанағына дейінгі темір жол құрылысы аяқталуға жақындағанына тоқталған Мемлекет басшысы, осыған байланысты алдағы жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд. долларға дейін жетуі мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан мен Иран арасындағы өзара тауар айналымы 620 млн. долларды құрады.

Соңғы жаңалықтар