2015 жылға дейін елімізде сотталғандарға «электронды білезік» енгізу көзделеді - Әділет министрлігі

None
None
АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2015 жылғы қаңтардың 1-іне дейін еліміздегі сотталғандарға «электронды білезік» енгізу көзделеді. Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, Мемлекет басшысының құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларына сәйкес, Әділет министрлігі бірқатар заң жобаларының тұжырымдамаларын әзірлеген. «Мәсеелен, Әділет министрлігі тарапынан бұлтартпау шараларын қолдануды жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасы даярлануда. Онда бостандықтарын шектеуге және шартты негізде сотталғандарға электронды бақылау құралдарын (электронды білезіктерді) енгізу көзделеді. Алайда, бұндай құралдардың қаржылық шығындары ескеріле отырып, оны енгізу кейінге шегеріліп отыр. Қажетті жағдайлар жасалса, 2015 жылғы қаңтардың 1-іне дейін бұндай электронды құрал енгізіледі», деді Е. Ерімбет.

Сонымен бірге, заң жобасында басқа да шаралар қамтылады. Құжат қабылданған жағдайда біршама тиімді мәселер жүзеге асатыны көзделеді. «Мәселен, заң жобасы қабылданса, елімізде түрмеде отырғандар саны азаяды, сотталғандарға қатысты бақылау жүйесі жетіле түседі, мемлекеттік қаржы шығындар қысқарады», деді Е. Ерімбет. Оның айтуынша, сотталғандарды электронды құралдар арқылы қадағалау мен бақылау орнатуды пайдалану АҚШ пен Еуроодақ елдерінің тәжірибелерінен алынған.

Соңғы жаңалықтар