2014 жылға дейін құрылыс индустриясы саласында 200 млрд. теңгенің 35 жобасы жүзеге асатын болады - А. Рау

None
None
АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат -  2014 жылға дейін еліміздің құрылыс индустриясы саласында 200 млрд. теңгенің 35 жобасы жүзеге асатын болады.

Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жасау жөніндегі кеңестің отырысы барысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау мәлім етті.  Естеріңізге сала кетейік, кеңес отырысында «Қолжетімді тұрғын үй -2020» бағдарламасы жобасы талқыланған болатын.

«Қазіргі таңда  құрылыс индустриясының салалық бағдарламасы екі жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Президент Н. Назарбаев құрылыс саласында отандық өндірісті  тұтыну көлемін 80 пайызға жеткізу туралы міндетті жүктеген болатын. Бағдарлама жүзеге асқан осы  екі жылда біршама ілгерілеушілік болды, есепті кезең ішінде бұл көрсеткіш 55 пайыздан 65 айызға дейін арттырдық», - дейді А. Рау.

Вице министр сонымен қатар, «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарлама жобасы бойынша орта есеппен жылына 7 млн. шаршы метрге қажетті негізгі құрылыс материалдары есептелгенін атап өтті. «Бүгінгі күні құрылыс индустриясы саласында  500-ге тарта кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Екі жыл ішінде осы салада 117 млрд. теңгенің 85 жоба жүзеге асқан болатын. 2014 жылға дейін 200 млрд. теңгенің  35 жобасын іске қосатын боламыз», - дейді А. Рау.

Соңғы жаңалықтар