2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап дүкен иелері төлем карточкасын қабылдауға міндетті

None
None
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - 1 қаңтардан бастап  жалпы белгіленген салық  тәртібінде жұмыс істеуші жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар төлем карточкалары қолданылатын төлемдерді қабылдауға міндетті,  деп хабарлайды елорданың ресми сайты. 

Астана қаласының Салық департаментінің мәліметінше, мұнан басқа кәсіпкерлер карточканы пайдаланып төлем төлеуге арналған қондырғылар орнатуды қамтамасыз етуге міндетті. Тексеру барысында Салық органдары мұндай жабдықтардың орнатылуына баса назар аударатын болады. Болмаған жағдайда, жеке кәсіпкерлер үшін - 40 АЕК көлемінде, шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғалар үшін - 60 АЕК көлемінде, ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғалар үшін - 80 АЕК көлемінде айыппұл салынады.  

Айта кетейік, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді есептеу, сондай-ақ, айыппұл санкцияларын қолдану, салықтар мен басқа да төлемдерді қабылдау үшін  Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес - 1731 теңгені құрайды. 

Салық заңнамасына сәйкес арнайы (жеңілдетілген) салық тәртібін  қолданушы  жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар  төлем карточкалары пайдаланылатын  төлемдер үшін жабдықтарды 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін  орнатуы  қажет.    

Соңғы жаңалықтар