2012 жылдан бастап Қазақстан аумағына әкелінетін барлық фильмдер мемлекеттік тілге аударылады - М. Құл-Мұхаммед

None
None
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2012 жылдан бастап Қазақстан аумағына әкелінетін барлық фильмдер мемлекеттік тілге аударылады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Мәдениет туралы» заңға енгізілетін өзгерістерді  талқылау барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тоқтала кететін жайт, жобаны талқылау барысында депутат Нұрлан Өнербай құжатқа толық қолдау білдіре отырып, бірқатар мәселе жайында Мәдениет және ақпарат министріне сауал тастаған болатын. «Жобаның кинематография туралы бөлімінде фильмдердің тіліне қатысты бап бар. Сол бапта Қазақстан аумағына әкелінетін фильмдердің мемлекеттік тілге аударылу мерзімін Үкімет 2014 жылы бастау қажет деп ұсынған болатын. Осыны қызу талқылау барысында депутаттар бұл мерзімді 2012 жылға қарай жылжытты. Дегенмен мен үшін түсініксіз дүние бар бұл - тәуелсіздігімізге 18 жыл, «Тіл туралы» заңымызға 20 жыл толғанына қарамастан әлі күнге дейін фильмдерімізді де басқа дүниелерімізді де мемлекеттік тілге толық көшіре алмай отырмыз. Тіпті, мемлекеттік тіл мәселесін осыншама кешіктіріп келіп, тағы да 2012 жылға дейін ысырудың жөні қайсы? Келер жылдан бастап-ақ кетсек болмай ма?», деген еді Н. Өнербай.

Өз кезегінде аталған сауалға жауап бере отырып министр Мұхтар Құл-Мұхаммед, шеттен келетін фильмдерді мемлекеттік тілге аударуға 2012 жылдан бастап көшуді дұрыс мерзім ретінде атап өтті.   «Расын айтқанда, қазіргі қазақ кинематографиясында қызмет ететін азаматтардың 90 пайызы орыс тілді азаматтар. Сондықтан да, олардың ешқайсысы екі-үш айдың айналысында қазақша сөйлеп кете алмайды. Сол үшін бұл саладағы мамандарға мүмкіндіктер жасалып отыр. Яғни, 2010-2011 жылдары даярлық жұмыстарын бастап, 2012 жылдың қаңтарынан мемлекеттік тілге аудару енгізіледі», деді М. Құл-Мұхаммед.    

Соңғы жаңалықтар