2010 жылғы бюджетте корпоративтік табыс салығының болжамы 828,3 млрд. теңге сомасында есептеліп отыр

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 19‑ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  ‑ 2010 жылғы республикалық бюджетте корпоративтік табыс салығының болжамы 828,3 млрд. теңге сомасында есептеліп отыр. Бұл ағымдағы жылға қарағанда  214.3 млрд. теңгенің өсімін құрайды. Үкіметтің Парламент қарауына ұсынған  «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында осылай көрсетілген,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасына қарағанда, 2010 жылғы республикалық бюджетте салықтық түсімдерде едәуір үлесті корпоративтік табыс салығы - 50,3 пайыз  және қосылған құн салығы - 34 пайыз құрайтыны болжанған. Есептеу кезінде жылына бір рет наурыздың 31-і мерзімі бойынша корпоративтік табыс салығын төлейтін, республикалық мониторингке жатпайтын және жиынтық жылдық табысы 325 мың айлық есептік көрсеткішке тең сомадан аспайтын салық төлеушілерден  2009 жылдан ауысатын корпорациялық табыс салығының 91,4 млрд. теңге сомасы да есепке алынған.

Сонымен бірге, бюджет жобасында экономиканың шикізат емес секторына салық жүктемесін төмендету нәтижесінде салық салу базасының кеңеюінен түсімдерді 42,8 млрд. теңгеге және салықтық әкімшілендіруді жақсарту есебінен қосымша түсімдерден 20,5 млрд. теңгеге ұлғайту көзделген. Салықтық емес түсімдер бойынша  2010 жылға арналған болжам 61,8 млрд. теңге сомасында айқындалады. Бұл көрсеткіш  2009 жылғы бағалауға  82,5 пайызды құрайды.  2009 жылғы бағалауда айыппұл мөлшерін анықтауға нақты тәсіл мақсатында жоспарланбайтын, орталық мемлекеттік органдар және олардың аумақтық бөлімшелері салатын әкімшілік айыппұлдар, өсімдер, санкциялар мен өндіріп алулар  12,5 млрд. теңге сомасында ескеріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар