2010 жылғы бюджетте Азия ойындарын өткізуді қаржыландыруға 53,2 млрд. теңге қарастырылып отыр

None
None
 АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - 2010 жылғы республикалық бюджетте Азия ойындарын өткізуді қаржыландыруға 53,2 млрд. теңге қарастырылған. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2011 жылы Азия ойындарын дайындау мен өткізуді қаржыландыру көзделіп отыр. Ол үшін Астана мен Алматы қалаларында спорт нысандарының, көлік және энергетика инфрақұрылымдарының құрылысы мен қайта жаңалануы, сондай-ақ ұйымдастыру іс-шаралары көзделген. Осы мақсаттарға бюджеттен 2010 жылы 53,2 млрд. теңге, 2011 жылы 10,5 млрд. теңге қарастырылды, деді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов.

Атап айтқанда, келесі жылғы бюджеттен Алматы облысында шаңғы және биатлон стадионын салуға 7 млрд. теңге, коньки тебу стадионының құрылысына 2,8 млрд. теңге жоспарланған. Бұдан басқа Азия ойындарын ұйымдастыру мен өткізу шараларына дайындық жұмыстары үшін 12,2 млрд. теңге көзделіп отыр.

«Жалпы бюджет жобасында спортшылар мен жаттықтырушыларға материалдық төлемдерді 8 айлық есептік көрсеткіштен 24 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жоспарланды. Бұл «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға енгізілген өзгерістер бойынша жүзеге асады. Аталған санатқа республиканың және бұрынғы КСРО құрама командаларының құрамында Олимпиада ойындарына қатысқан жаттықтырушылар енгізіледі», деді Б. Сұлтанов. 

Соңғы жаңалықтар