2010 жылғы бюджет түсімдері 3 трлн. 189,6 млрд. теңге шамасында болжанады - Экономика министрі

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - 2010 жылғы бюджет түсімдері 3 трлн. 189,6 млрд. теңге шамасында болжанады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыдан біраз бұрын Ұлттық қордан нысаналы трансферттер тартуды тоқтату және оның активтерін жинақтау саясатын жалғастыру туралы шешім қабылданған болатын. Осыны ескере отырып, заң жобасында 2010-2012 жылдарға арналған корпоративтік табыс салығы ставкаларының мөлшерін сақтап қалу ұсынылады. Яғни, есте болса ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап бұл мөлшер 20 пайыз болса, алдағы екі жылда ставка мөлшері осы деңгейде сақталады.  Бұл бізге бұған дейін 2010 жылға белгіленген кірістер көлемімен салыстырғанда қосымша 83,7 млрд. теңгені жұмылдыруға мүмкіндік береді. Яғни, 2011 және 2012 жылдары тиісінше 100,3 млрд. теңге және 220 млрд. теңге қосымша түсетін болады», деді Б. Сұлтанов. Министрдің айтуынша, 2010 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 3 трлн. 189,6 млрд. теңге көлемінде немесе ағымдағы жылдың жоспарымен салыстырғанда 16,2 пайызға өсуімен айқындалады. Оның ішінде кірістер (трансферттер түсімдерін есепке алмағанда) 1 трлн. 734,5 млрд. теңге сомасында бағаланады. «Бұл 2009 жылғы бағалаудан 300 млрд. теңге шамасында артық. Сонымен бірге, салықтық түсімдерде едәуір үлесті корпоративтік табыс салығы - 50,3 пайыз құрайды. Ал қосылған құн салығы бойынша түсімдер 34 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Сондай-ақ экономиканың шикізат емес секторына салық жүктемесін төмендету нәтижесінде салық салу базасының кеңеюінен түсімдерді 42,8 млрд. теңгеге және салықтық әкімшілендіруді жақсарту есебінен қосымша түсімдерді 20,5 млрд. теңгеге арттыру көзделеді», деді министр. 

Соңғы жаңалықтар