2010 жылдан бастап төртінші бала туғанға берілетін біржолғы жәрдемақы 70 мың 650 теңгені құрайды

None
None
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының былтырғы 2008 жылғы ақпанның 6-сындағы жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталып отыр.  «Құжатқа сәйкес, қолданыстағы «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңға, төртінші және одан кейінгі бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақылардың мөлшерін 2007 жылмен салыстырғанда 16 мың 380 теңгеден (15 айлық есептік көрсеткіштен) 70 мың 650 теңгеге (50 АЕК) дейін өсіру және бала бір жасқа толғанға дейін бала күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақыны арттыру қарастырылады. Атап айтқанда, бірінші балаға жәрдемақы - 3 мың 276 теңгеден 7 мың 772 теңгеге дейін, екінші балаға - 3 мың 882 теңгеден 9 мың 185 теңгеге дейін, үшінші балаға - 4 мың 368 теңгеден 10 мың 598 теңгеге дейін, ал төртінші және одан кейінгі бала туғанда - 4 мың 914 теңгеден 12 мың 11 теңгеге дейін көбейту туралы өзгерістер енгізіледі. Бұл өзгерістер бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі кезеңінде отбасыға көрсетілетін көмектің мөлшерін арттыруға, төртінші бала тууды ынталандыруға және демографиялық ахуалды жақсартуға бағытталып отыр», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова.

Сонымен бірге, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдауды дамыту мақсатында анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) ең төменгі айлық жалақы мөлшерінде берілетін жәрдемақының жаңа түрі көзделеді.  Бұдан басқа, «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» заңында белгіленген көп балалы аналар туған және тәрбиелеген балалардың санына қатысты өзгерістер қарастырылып отыр. Осы ретте, «Алтын алқа» белгісімен марапаттау үшін балалар саны 10-нан 7-ге, «Күміс алқа» белгісімен марапаттау үшін 8-ден 6-ға төмендету бөлігінде өзгерістер ұсынылған. Ал зейнетақы төлемдерін есептеу үшін алынатын табысты шектеуді 28 еселенген АЕК-тен 32 АЕК-ке дейін, яғни 2009 жылғы 36 мың 288 теңгеден 2010 жылы 45 мың 216 теңгеге дейін арттыру көзделеді.

Тұтастай алғанда заң жобасында қамтылған шараларды  жүзеге асыру  үшін 2010 жылғы республикалық бюджеттен - 18 млрд. 780,5 млн. теңге, 2011 жылы - 30 млрд. 385,4 млн. теңге, 2012 жылы - 32 млрд. 849,1 млн. теңге қосымша шығыстар қажет етіледі. Бұл қаражаттардың барлығы «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында көзделген.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар