2010-2011 жылдары елімізде 2 балалар ауылдарын және 3 жасөспірімдер үйлерін ашу жоспарлануда

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы шеңберінде Алматы және Ақтөбе облыстарынан 2 балалар ауылдарын, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында 3 жасөспірімдер үйлерін ашу жоспарлануда.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» ҚР заң жобасын талқылау барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков осылай мәлім етті.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасында жетім балаларға арналған мектеп-интернаттардың жанынан жасөспірімдер үйлерін құруды көздейтін нормалар қамтылады. Қолданыстағы заңда бұл көрсетілмеген болатын. Ұсынып отырған өзгерістер мен толықтырулар жасөспірімдер үйлерінің заңдық мәртебесін заңнамаға сәйкестендіруге және оның қызметін реттеуге мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа, жыл сайын жалпы білім беретін мектептердің 9-11 сыныптарын жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған білім беру ұйымдарының 2000-ға жуық бітірушісі тамамдайды. Олардың басым бөлігі кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде орналасып, сонда жатақханада тұрып жатады. Орта есеппен жыл сайын 100-ге тарта бала еңбекпен қамтылуды қажет етеді», деді М. Сарыбеков. Оның айтуынша, бүгінгі күні еліміздегі жасөспірімдер үйінің жобалық қуаты 1 мың 400 орынды құрайды. «Заң жобасында жасөспірімдер үйлері мекемелерінің желісін кеңейте түсу қарекеттері қарастырылады. Мәселен, қазіргі уақытта 2010-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы шеңберінде Алматы және Ақтөбе облыстарынан 2 балалар ауылдарын, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында 3 жасөспірімдер үйлерін ашу жоспарлануда», деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар