2009 жылы Қазақстан халқының төрттен біріне жуығы республикалық бюджеттен бағытталған әлеуметтік төлемдермен ай сайын қамтамасыз етілді

None
None
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2009 жылы Қазақстан халқының төрттен біріне жуығы республикалық бюджеттен бағытталған әлеуметтік төлемдермен ай сайын қамтамасыз етілді.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен алқа мәжілісінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» ХДП-ның әлеуметтік бағдарламасының және Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасының негізімен республикалық бюджетте әлеуметтік қамтуға, сондай-ақ әлеуметтік көмекке шығыстар 22 пайызға өсті (813 миллиард теңгеге дейін)», - деді министр.

Атап айтқанда, төменгі зейнетақы төлемінің көлемі, яғни базалық зейнетақыны ескергенде 15 362 теңгені, орташа 22 853 теңге, сондай-ақ жоғарғысы 32 703 теңгені құрады. Соңғы 3 жылда Қазақстанда орташа зейнетақы төлемдері 1,6 еседен астам деңгейге жоғарылады.

Сонымен бірге 677 мыңға жуық адам жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы ала бастады.

Ведомство басшысы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тұрғысында айта келе, мүгедектік бойынша жәрдемақының орташа көлемі 2007 жылдағы 9 331 теңгеден 2009 жылы 14 094 теңгеге дейін, асыраушысынан айырылу бойынша 8 507-ден 12 705 теңгеге, жас деңгейіне байланысты 4 670-тен 6 858 теңгеге дейін өскенін жеткізді.

«Балалары бар отбасылар үшін әлеуметтік жәрдемақылар айтарлықтай жоғарылады. Бұл жәрдемақыны 410 мыңға тарта отбасы алды», - деді Г. Әбдіхалықова.

Соңғы жаңалықтар