2009 жылы игерілмей қалуы мүмкін 143,6 млрд. теңге анықталды - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі

None
None
АСТАНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Ағымдағы 2009 жылы бюджетке бөлінген, бірақ игерілмей қалуы мүмкін деп саналған 143,6 млрд. теңге анықталды.

Бұл қаражат бюджетті нақтылау барысында басым салаларға қайта бөлінетін болады. Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Бюджеттің кіріс бөлігінің шығынын жабу мақсатында Қаржы министрлігі мен бюджеттік бағдарлама әкімшілері берген ақпараттары негізінде 2009 жылы бөлінген, бірақ игерілмей қалуы мүмкін деп саналатын бюджет қаражатына талдау жасалды. Нәтижесінде 2009 жылғы бюджеттен 143,6 млрд. теңгені қысқарту мүмкіндігі байқалып отыр. Бұның ішінде 57 млрд. теңге Үкіметтің резервінен болса, 11 млрд. теңге Үкіметтің қарызға қызмет көрсету саласындағы есебінен болып отыр. Қалған қаражат бюджеттік әкімшілердің анықтаған салаларынан қосылатын болады», деді Б. Сұлтанов.

 Министрдің айтуынша, толық игерілмейтін шығыстарды қысқарту бюджеттің кіріс бөлігінің шығынын өтеп қана қоймай, ағымдағы жылғы бірқатар басым мәселелерді шешуге жағдай туғызады. Яғни, бюджет кірісіне түспей қалуы мүмкін 40 млрд. теңгені жабумен қатар, жыл соңына дейін 104 млрд. теңгені басқа салаға аударуға мүмкіндік береді.

«Атап айтқанда, биылдың өзінде зейнетақы мен жәрдемақы алушылар санының артуына байланысты әлеуметтік төлемдер 8,7 млрд. теңгеге ұлғайтылады», деді министр.

Соңғы жаңалықтар