2009 жылы еліміздегі экспорттың болжамы 47,7 млрд. долларды құрайды - Б. Сұлтанов

None
None
АСТАНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - 2009 жылы еліміздегі экспорттың болжамы шамамен алғанда 47,7 млрд. долларды құрайды.

 Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, қазіргі экспорттың нақтыланған болжамы бұрынғы жасалған болжамнан 2,5 млрд. долларға артық. «Мұнайдың әлемдік бағасының біз бюджетте болжағаннан 18 долларға артуы және металға әлемдік бағаның қымбаттай бастауы экспорт жөнінде бағалаудың ұлғаюына әсер етті. Сонымен бірге, ағымдағы жылы Қазақстанға  импорт 34 млрд. доллар деңгейінде бағаланып отыр. Бұл бұрынғы болжамнан 583,1 млн. долларға төмен. Импорт көрсеткішінің төмендеуіне 2009 жылы нақты ЖІӨ-нің және сұраныстың азаюы себеп болып отыр», деді министр.

Сонымен бірге, 2009 жылдың соңына инфляция деңгейі 8-8,5 пайыз деңгейінде болжануда. Бұл осыған дейінгі болжамнан 2,5-3 пайызға төмен. «Бұған әлемдегі және еліміздегі инфляция үдерістерінің баяулауы себеп болуда. Сондай-ақ елімізде жыл басында жүргізілген девальвация  күткеніміздей ішкі нарықта бағаның өсуіне әсер еткен жоқ», деді Б. Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар