2009 жылғы бюджет кірісіне 40 млрд. теңге толық түспейді деп болжануда - Б. Сұлтанов

None
None
АСТАНА. Қазанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - 2009 жылғы бюджет кірісіне 40 млрд. теңге толық түспейді деп болжануда.

 Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бюджетке кірістің толық түспеуі кейбір көрсеткіштердің ұлғаюы, ал кейбірінің төмендеуі факторларынан құралады. Мәселен, бір жағынан экономиканың дамуының баяулауы, импорт көлемінің азаюы және мемлекеттік ресурстардан, астық сатудан түсетін қаражатты қайтару мерзімін ұзарту себебінен бюджет кірістері 131 млрд. теңгеге төмендеді. Дегенмен, екінші жағынан ішінара кірістердің 92 млрд. теңгеге өсуі қалған кірістерді өтейді, сонда бюджет кірістері 40 млрд. теңгеге толық түспейтіні болжанады», деді Б. Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, бюджетке қосымша кірістер минералды шикізатқа бағаның өсуінен 24,5 млрд. теңге шамасында, 9 айдың қорытындысы бойынша есептеулерді нақтылаудан 8,5 млрд. теңге, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй салуға арналған кредиттерді қайтарудан 13,4 млрд. теңге түсетін болады. Бұдан басқа да біржолғы түсімдер шамамен 45 млрд. теңгені құрайды. «Біржолғы түсімдердің басым бөлігін Ресеймен арадағы ынтымақтастық туралы келісімнің нәтижесінде түсетін қаражат, мұнайгаз саласындағы компаниялардың тексеру қорытындылары бойынша қосымша есептелген қаражат, сондай-ақ шикі мұнайға салынған баж салығы қаражаты құрайды», деді министр.

Соңғы жаңалықтар