2009-2010 жылдар аралығында Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметінде 6 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды

None
None
ТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009-2010 жылдар аралығында Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметіне тексерулер жүргізу барысында 6 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенаты депутаттарымен кездесуі барысында ҚР Бас прокуратурасы Әлеуметтік-экономикалық кеңестікте заңдылықты қадағалау департаменті директорының орынбасары Александр Огай мәлім етті.

Прокуратура өкілінің айтуынша, соңғы уақытта ауыл шаруашылығы саласында заңдылықтың сақталу жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. «Бас прокуратура 2009-2010 жылдары аралығында Ауыл шаруашылығы министрлігінің, агрошаруашылық секторға қатысты жергілікті атқарушы органдарының қызметіне тексерулер жүргізген болатын. Осыған орай, аталған кезеңде 6 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. 9 қылмыстық іс қозғалып, 40 әкімшілік өндіріс ашылды. 269 прокурорлық ұсынымдар жасалды. 70 наразылық білдірілді. Сонымен қоса, тәртіптік жауапкершілікке 78 жауапты тұлға тартылды», - дейді А. Огай. Оның айтуынша, 2009 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға қатысты жанар-жағармайды субсидиялау барысында да заң өрескел бұзылған. Осы мақсаттарға бөлінген қаражаттардың бір бөлігі талан-таражға түскен. Атқарылған жұмыстардың актілері де жалған жолмен жасалған.

«Бұдан бөлек, өткен жылдар ішінде егіс алқаптарына егілген дақылдар түрлерін жалған көрсету де орын алған. Дақыл түрлеріне қарай субсидиялардың мөлшері де әртүрлі болатындықтан, бірқатар шаруалар мөлшері жоғары дақылдарды ұдайы көрсетіп, мемлекет қаражатын заңсыз иеленіп отырған», - дейді прокуратура өкілі. Сонымен қатар, А. Огай бюджет қаражаттарының өзінің мақсатына сай жұмсалмайтынын да тілге тиек етті. Мәселен, жыл сайын бюджет қаражатының артып отыруына қарамастан, ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі дақылдарының жалпы түсімі төмен көрсеткішке ие. «Ал статистикалық мәліметтерге сүйенсек, егіс алқаптары 2009 жылы 30 пайызға дейін артқан. Алайда, осындай олқылықтарды саралай келе, біз субсидиялаудың қолданыстағы тетігінің тиімділігі төмен деген шешімге келіп отырмыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар