200 оқу орнын білікті маман даярлай алатындай деңгейге жеткізу керек - Әсима Бимендина

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 10 бағытты іске асыруға әр азамат өз үлесін қоса білсе, біздің мемлекет алға басары анық. Мұндай пікірді «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, экс-мәжілісмен Әсима Бимендина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әр мемлекетте осындай бір маңызды кезеңдер болады. Сондай уақыттан біз де өткелі отырмыз. Әрине, Президент қойған 10 бағытта аталып өткендей, ең біріншіден әр азамат мемлекеттің дамуына өз үлесін қосса - бұл адамға да, қоғамға да үлкен пайда. Себебі, алдымызда Елбасы айтқан арманымыз бар: Қазақстан 30 дамыған елдің қатарына міндетті түрде кіруі керек. Сол себепті, барлық күш-жігер осыған жұмылдырылуы керек», - деді Әсима Бимендина Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Президент Қ. Тоқаевтың 10 міндеті: ел дамуының жаңа деңгейі» атты дөңгелек үстелде.

Басқарма төрағасының орынбасары басымдық берілген 10 бағыттың ішінде үшеуіне ерекше тоқталды.

«Білім саласында еңбек етіп жүргендіктен, мына бағыттар туралы айта кетсем деймін: біріншіден, әділетті әлеуметтік саясат. Әлбетте, сапалы білім алғымыз келсе, ең алдымен жастарға білім беріп жатқан кадрларға маңыз беруіміз керек. Осыған байланысты, дәрігерлер секілді мұғалімдерді қолдау - маңызды шаруа. Нақты тапсырмалар қойылды. Сол себептен, біршама өзгеріс күтіп отырмыз. Екіншіден, жастарды жұмысқа тұрғызу мәселесі де өте өзекті. Қазіргі таңда біздің холдинг жаңа білім бағдарламаларын әзірлеумен айналысады. Күні ертең біздің колледждерден оқу бітіріп, еңбек нарығына шыққан жастар қоғамда өз орнын таба білуі керек. Сол себепті, бұл мақсатқа толыққанды жету біздің салаға тікелей байланысты», - деді ол.

Әсима Бимендинаның айтуынша, 2019 жыл - Жастар жылы деп жарияланғандықтан, «Жас маман», «Жастар - ел тірегі» бағдарламалары толыққанды жүзеге асырылуы тиіс.

«Яғни, ең керекті 100 мамандық пен үздік 200 оқу орнын халықаралық деңгейде біліктілігі жоғары мамандарды даярлай алатындай деңгейге сай етуіміз керек. Егер әрбіріміз Президенттің 10 бағытын іске асыруда өз үлесімізді қоса білсек, біздің мемлекет алға басары анық», - деді Әсима Бимендина.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне ресми кірісу рәсімінде мемлекетті дамыту жолында 10 бағытқа баса мән беру керектігін мәлім еткен еді.

Соңғы жаңалықтар