200 мың теңгеге сатылған ат спорты клубы: Исекешев прокурорлық тексеріс өткізуді тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев коммуналдық мүлік нысандарын бәсекелестік ортаға беру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Оған мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорындарын аукцион арқылы сату мәселесі себеп болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әсет Исекешев нысандардың әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, әлеуметтік бұл мәселені мұқият пысықтауды, құқықтық баға беру үшін сауда бойынша материалдарды қалалық прокуратураға жіберуді, сондай-ақ, қала әкімдігінің тиісті басқармаларына барлық жекешелендіру нысандары бойынша толық ақпаратты жария етуді, алдағы уақытта жоспарланған саудалар туралы ақпаратты кеңінен таратуды тапсырды.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша, бүгін сағат 16.00-де әкім орынбасары Андрей Лукин арнайы баспасөз мәслихатын өткзеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Астана» көкпар клубы» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнының аукцион арқылы жекеменшікке сатылды.Голландиялық әдіспен сауда-саттықа салынған клубтың меншігінде асыл тұқымды 11 ат, қызметтік көліктер, инфрақұрылым, тұрғын-жайлар мен ат әбзелдері болған. Соның барлығын «құпия адам» бар болғаны 200-ақ мың теңгеге сатып алыпты. Таңғаларлық аукционның өткенін тіпті клуб басшылығы да білмей қалған. Аталған нысанның әлеуметтік маңыздылығы сол, оның жанында ат өнеріне үйренетін мектеп болған. Онда 140-қа жуық бала дәріс алып жүрді. Осы уақытқа дейін мектептің қол жеткізген жетістіктері де аз емес.  

«Астанадағы коммуналдық мүлік пен мемлекеттік сатып алулар басқармасы ат спорты клубын аукционға салып, сатып жіберіпті. Үш аукцион өткен. Үшіншісін голландиялық әдіспен, яғни бағаны төмендету арқылы 198 700 теңгеге белгісіз біреуге сата салыпты. Сонда бір атты 20 мың теңгеден бағалаған екен. Ал негізінде ол асыл тұқымды аттардың нарықтағы бағасы жүз есе қымбат. Біреуі 5 мың доллар тұрады. Аты тұрмақ бір ертоқымның өзі 350 мың теңге болатын. Мұның сыртында қызметтік көліктер сияқты мүліктер тағы бар», - дейді «Тұлпар» ипподромы директорының орынбасары Болат Шалабаев «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында.

Соңғы жаңалықтар