200-ден астам ірі қараны Қырғызстанға құжатсыз жібермек болғандар ұсталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы облысынан Қырғызстанға 203 бас ірі қараны құжатсыз жіберуге тырысқан күдіктілер ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Құдияр Нұрсейітов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жедел-алдын алу шарасы барысында мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 7 мыңнан астам автокөлік тексерілді. Сол сияқты 2 мыңнан астам мал және ет өнімдерін қабылдау және сату орнының жұмысы қадағаланды. Одан бөлек, 7 мыңға жуық шаруа қожалығы, шалғай учаскелер мен фермалар тексерілді. Тексеру барысында мамандар 222 мал ұрлығын ашып, 175 күдікті ұсталды. Сондай-ақ 977 бас мал иелеріне қайтарылды», - деді Құдияр Нұрсейітов ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

«Ветеринария қызметіне қатысты тиісті құжатсыз мал және ет өнімдерін сатуға рұқсат беру бойынша 786 құқық бұзушылық анықталды. Мәселен, Алматы облысында Қырғызстанға 203 бас ірі қараны құжатсыз жіберуге тырысқан 2 тұрғын ұсталды», - дейді ол.

Бұған дейін ІІМ өкілі малын өріске қараусыз жіберетін қазақстандықтардың азаймай отырғанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар