200-ден астам елді мекенде медициналық нысан жоқ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейі ауыл тұрғындары арасында қала тұрғындарымен салыстырғанда 2 есе аз. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылдағы денсаулық сақтау саласында бірқатар проблема бар. Динамикалық бақылау сапасының төмендігі, консультациялық-диагностикалық қызметтердің жеткіліксіз болуы байқалып отыр. Сонымен қатар, созылмалы аурулары бар пациенттерді қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ауыл тұрғындары арасында қала тұрғындарымен салыстырғанда 2 есе аз», - деді А. Ғиният ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін талқалуға арналған Үкімет сағатында.

Осы орайда ол бірқатар ауылда дәріхана пунктері жоқ екенін айтты.

«Ауылдағы кадрлық қамтамасыз етуге талдау жіргізіліп, 1 700-ден астам медицина қызметкерінің, оның ішінде 1000-нан астам дәрігердің тапшылығы анықталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдағы нысандарға инвентаризация жүргізілді. Нәтижесінде, 200-ден астам елді мекенде медициналық нысан жоқ, сондай-ақ 400-ге жуық ауылда медициналық нысан жалға алынған, немесе апаттық, бейімделген ғимараттарда орналасқан» - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, ауылдық медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қатысты медициналық инфрақұрылымының тозуы 50 пайыздан асып отыр.


Соңғы жаңалықтар