200 ауылды дамытуға 55 млрд теңге бөлінеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 200 ауылды дамытуға 55 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін Сенатта Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Толықтай алғанда, бюджетті нақтылау аясында шығыстарды келесі бағыттар бойынша жалпы сомасын 2,2 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Президент тапсырмаларын жүзеге асыруға 2 трлн теңге қарастырылған», - деді вице-министр 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы таныстыра келе.

Оның атап өтуінше, өңірлерді нығайту және инфрақұрылымдардың дамытуға 240 млрд теңге жұмсалады. Оның 109 млрд теңгесі қалалар мен ауылдарды ауыз сумен қамтуға бағытталады.

«Қосымша шығыстар 2023 жылы қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 99 пайызға, ал ауылдық елді мекендерде 96,5 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын одан ары жүзеге асыру үшін заң жобасында 55 млрд теңге көзделген. Бұл шығыстар 200 ауылдық елді мекенді жаңғыртуға жұмсалады», - деді ол.

Вице-министрдің дерегінше, заң жобасында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 24 млрд теңге көзделген. Бұл қаражатқа шағын қабатты 550 тұрғын кешеніне және жеке тұрғын үйге арналған шамамен 15 мың жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар ірі қалалардың шағын және моноқалалардың аумақтарын дамытуға 27 млрд теңге қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар