20 жылдық: «Барыс» клубқа еңбек сіңірген ойыншыларға құрмет көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті күні елордада «Барыс» хоккей клубының дамуына зор үлес қосқан ойыншыларға құрмет көрсету шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ойыншыларды ұлықтау салтанаты клубтың 20 жылдығына орайластырылды.

«Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шайбалы хоккеймен қоса, жалпы спортты дамытуға зор үлес қосты. Оның жеке көңіл бөлуі мен қолдауының арқасында қазіргі хоккей инфрақұрылымы құрылды. Осы заманауи мұзайдыны сарайы да Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жеке тапсырмасы бойынша салынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіби және бұқаралық спорт түрлерін дамытуға баса назар аударып отыр. Спортшылар үшін барлық жағдайлар жасалуда», - деді Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясының Президенті Асқар Мамин «Барыс Аренада» өткен шарада.

«Барыс Арена» күмбезінің астында клубтың жеті ойыншысының: Виталий Еремеев, Николай Антропов, Александр Корешков, Талғат Жайлауов, Федор Полищук, Брэндон Боченски және Кевин Даллмэнның жейделері көтерілді.

«Қазір «Барыс» – балалар хоккейінен бастап кәсіби деңгейге дейінгі спортшыларды дайындаудың қалыптасқан жүйесі. Клуб құрылғаннан бері оның қасында жүргендердің барлығына: «Барыстың» тарихын жасаған әрі көптеген жанкүйерлерінің қолдауына ие болған ойыншыларға және жаттықтырушыларына алғыс айтқым келеді», - деді А. Мамин.

Айта кетейік, «Барыс» командасының еңбек сіңірген ойыншыларын ардақтау рәсімі «Барыс» - «Динамо» Минск матчы алдында өтті.

Соңғы жаңалықтар