20 жылда көп істер атқарылды- ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы

None
None
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасында «Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы 20 жылы: ынтымақтастық пен жетістіктер» халықаралық конференциясы өтті. Маңызды шараға 180-ге жуық мемлекеттік қызметкер, азаматтық қоғам, халықаралық қоғамдастық, дипломатиялық корпус өкілдері ұйымның Қазақстан арасындағы 20 жылдық қызметіне баға беруге жиналды. Конференцияға ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Томас Гремингер де қатысты. Осы атаулы датаға байланысты бас хатшы «ҚазАқпарат» ХАА шағын сұхбат берді.

- Томас Гремингер мырза, 20 жыл аясындағы Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты қалай бағалайсыз?

- Бұл менің бас хатшы ретіндегі Қазақстанға тұңғыш келуім. Осы жолғы сапарым Қазақстанның ЕҚЫҰ арасындағы әріптестігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Сапарым өте нәтижелі өтіп жатыр деп ойлаймын. Менің Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен және Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен де кездесуім де жоғары деңгейде өтті. Біздің әріптестігіміз Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті нығайту бағытында жалғаса беретініне сенімім зор. Ұйымымыздың Астанадағы өкілдігі осы саладағы жұмысқа көңілі толып отыр. Біз өз тарапымыздан Қазақстанның 5 институционалдық реформасын және осы бағыттағы жұмыстарын жан-жақты қолдауға әзірміз. Билік жүйелерін орталықсыздандыру бағытындағы жұмысына да қолдау білдіруге даярлық ілтипатымызды білдіреміз. Оның екі аспектісі бар: полиция және әділет жүйесінің реформасы Ұлттық жоспармен қатар жүріп отырады. ЕҚЫҰ осы тараптағы жұмыстарды толық қолдайды. Тағы бір бағыттағы әріптестігіміз жасыл экономика, экономиканың тұрақты дамуы, қоршаған орта қауіпсіздігін қолдау бағытында өрбімек. Ұзақ мерзімді жоспарда әріптестігімізге жастарды тартамыз деген ниетіміз бар. Өйткені, біздің ұйымды келешекте кім басқаратынын білеміз. Біздің Астанадағы офисіміз де жастардың қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласуына қолдау білдіреді. Бұл орайда, ЕҚЫҰ ұйымының Орталық Азиядағы жастар желісі (CAYN) осы жылдың өзінде 12 конференция өткізді. Бұл жастар желісінің қазірде Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Моңғолия елдерінде 350-ге жуық түлектер қауымдастығы тұрақты жұмыс істейді. Осы CAYN ұйымының мүшелерімен жуырда Венада кездескенім жылы әсер қалдырды. Осы ретте Қазақстанның әсіресе жасыл экономиканы алға ілгерлеуіне ықпал етіп жүрген Венадағы елдеріңіздің тұрақты өкілі Қайрат Сарыбайдың да жұмысын атап өткім келеді.Түйіндей айтсам, Қазақстан мен біздің ұйымның 20 жылдық әріптестігін жоғары бағалаймын. 2019 жылы біз болашақ ынтымақтастық пен әріптестікті кеңейту мүмкіндіктерін анықтау мақсатында тығыз жұмыс істейтінімізді айтқым келеді.

- Қазақстанның аймақтағы бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы жұмыстарына қандай баға берер едіңіз?

- Қазақстан қазірде аймақтағы тұрақтылықты нығайтуда сәулетші, біз оған куәміз. Қазақ елі қазірде аймақтағы тұрақтылықты сақтаудағы басты рөлді атқарып отырғанын да баса айту керек. Біз де ЕҚЫҰ тарапынан осы оң қарқынды одан әрі жан-жақты қолдауға әзірміз.       

 - Елбасы кітапханасына деген ниет-тілегіңізді естісек... 

- Мен үшін осындай еңселі ғимаратқа келіп, конференцияға қатысу зор мәртебе. Осындағы экспонаттар, бейнелер зор әсер қалдырды. Әсіресе ел Үкіметінің ядролық қарусыздандыру ұстанымының көрінісін осы кітапханадан анық көрдім. Мұндай саяси қадамды мақтау керек (жымиды).    

- Сұхбатыңызға көп рахмет.

null  

Әңгімелескен Қанат Әуесбай

Соңғы жаңалықтар