20 тамызда СҚО-да егін жинау науқаны басталады

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 4,4 млн га астам алқаптан дәнді дақылды уақытында жинап алу үшін 7300 комбайн тартылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, өңірде егін орағы 20 тамыз басталады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта науқанға дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Техника сайланды. Ораққа 7300 комбайн, соның ішінде 3800 өнімділігі жоғары жаңа техника тартылмақ. Биыл облыс кәсіпкерлері 1400-ден астам техниканы 33,1 млрд теңгеге сатып алды.

«Облыста 4,4 млн га дәнді дақыл егілді. Бұл шамамен өткен жылғы көрсеткішпен бірдей. Соның ішінде 3,1 млн га – бидай, 1 млн – майлы дәнді дақыл, қалғаны дәнді-бұршақты дақылдар. Биыл күнбағыстың алқабын шамамен екі есе ұлғайтып, 119 мың га жеткіздік. Сондай-ақ жасымық 66 мың га жерге егілді, бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп.

Өңірге 78,5 мың тонна арзандатылған бағамен дизель отыны бөлінді, операторлар анықталды. Бағасы осы күзгі науқанға литріне 219 теңге болып бекітілді», - дейді Мейрам Меңдібаев.

Биыл жалпы ауа райы диқандар үшін қолайлы болды. Жауын да бар, күн де ыстық. Маманның айтуынша, соған қарағанда астықтың шығымы да, сапасы да жаман емес.

«Ендігі міндет – жаз бойы маңдай термен өсірілген дәнді шашау шығармай жинап алу. Элеваторлар мен қамбалар биылғы жылдың жаңа астығын қабылдауға дайын тұр. Жалпы сыйымдылығы - 6,6 млн тонна. Орақ науқанын мерзімінде өткізуге жағдай бар, тек ауа райы кедергі келтірмесе болғаны», - дейді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта шаруашылықтар қыстың қамын жасап, шөпке кіріскен. Биыл өңірде шөптің де шығымы жақсы.


Соңғы жаңалықтар