20 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 20 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

20 шілде, ЖҰМА

Халықаралық шахмат күні

Халықаралық шахмат федерациясының құрылуына орай 1966 жылдан бастап атап өтіледі. Бүгінгі таңда аталған ұйымға әлемнің 200-ге жуық елі мүше. Федерацияның өз туы, әнұраны және «Біз барлығымыз бір отбасымыз» атты ұраны бар.

Ойынның атауы парсы сөздерінен шыққан: шах мат - «билеуші қайтыс болды» дегенді білдіреді. Шахматтың отаны - Үндістан. Онда V ғасырда чатуранга ойыны пайда болған. Шахмат - 64 тордан тұратын тақтаның үстіне 32 (16 ақ және 16 қара фигура) фигураны орналастыру арқылы ойналатын ойын. Ойынның мақсаты - қарсыласыңның короліне мат қою. Әр қалада спорттың осы түрін ұнататындарға арналған шахмат клубы бар. Халықаралық шахмат күнінде бұл клубтарда сайыстар, ойын-сауық шаралары өтеді.

Колумбия Республикасының мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1810) 
Колумбия - Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Шығысында Венесуэла, Бразилиямен, оңтүстігінде Эквадор, Перумен, солтүстік-шығысында Панамамен шектеседі. Әкімшілік жағынан 32 департамент пен астаналық округке бөлінеді. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - песо. Конституция бойынша елді Президент басқарады және ол 4 жылға бір-ақ рет сайлана алады. Заң шығарушы органы - Сенат және Өкілдер палатасынан тұратын парламент.

Қазақстан Республикасы мен Колумбия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 23-інде орнатылды.

Қырғызстан Ұлттық гвардиясының күні

1992 жылдың 20 шілдесінде Қырғызстан Республикасы Ұлттық гвардиясының алғашқы гвардияшылары Отанға және халыққа адал қызмет етуге ант қабылдады. Ұлттық гвардия Қырғызстан Президентінің қаулысымен 1991 жылдың 3 желтоқсанында құрылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1969 жылы Дінмұхамед Қонаев Қапшағай ГЭС-інің іргетасының символдық плитасын қойды.

1993 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Таиландқа алғаш рет ресми сапармен барды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлерді әлеуметтік қолдау жөніндегі қосымша шаралар туралы», «Зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорғау жөніндегі аймақтық қайырымдылық қорларын ұйымдастыру туралы» Жарлықтары жарияланды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» заң күші бар Жарлыққа қол қойды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Бағалы металдар мен асыл тастарға байланысты қатынастарды мемлекеттік реттеу туралы» заң күші бар Жарлыққа қол қойды.

2005 жылы Астананың Конгресс-Холлында Еуропарламент депутаты Струан Стивенсонның Семей ядролық сынақ полигонының қайғы-қасіретін бейнелейтін «Мәңгілік қасірет» атты фотокөрмесі болып өтті.
Бірнеше жыл бұрын С.Стивенсон Семей өңіріне барып, 1000-нан астам фотосурет түсірген болатын, онда адамзатқа қастандық болып саналатын сынақтың бүкіл қорқынышы көрсетілген. С.Стивенсон Семей полигонының мәселесіне көңіл бөлгені үшін «Семей қаласының құрметі азаматы» атағына ие болған. Сонымен қатар, ол кеңес ядролық сынақ қаруының құрбандары туралы жазған мақалаларының қаламақыларына Семей қаласындағы онкология орталығына медициналық жабдық сатып алып беріп, Семей өңірінің тұрғындарына заттай көмек көрсеткен.

2006 жылы Алматыдағы «Қазақстан» кинотеатрында «Таңсәрі» балалар театрының «Қазақстан балаларының соғыс ардагерлеріне ілтипаты» атты деректі фильмі таныстырылды. 

2009 жылы Қостанайда «Қазақтың дәстүрлі сот жүйесі» кітабының және «Торғай мен Тобылдың билері» фильмінің таныстырылымы өтті.
Бұл шығармалар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалды. 

2010 жылы Алматы қаласының Алатау ауданында аудандық сот пен прокуратураның жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2011 жылы Астанада ҚР Тұңғыш Президенті музейінде «Корольдік ойын» көрмесі ашылды. Онда жұртшылыққа  Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Украина, Беларусь, Армения көшбасшылары, белгілі гроссмейстерлер Анатолий Карпов пен Вишванатан Ананд сыйлаған  шахмат топтамасы алғаш рет көрсетілді.

2011 жылы Павлодардағы №8 лицейдің бітірушісі, «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері Жаслан Бараисов физикадан Бангкокта өткен беделді халықаралық олимпиадада (IPhO-2011) алтын медальды жеңіп алды. Ж. Бараисовтың есімі «Қазақстан үміті» және «Дарынды балалар - Қазақстанның болашағы» энциклопедиясына кіргізілді.

2014 жылы Бейжіңде алғаш рет домбыра курсы ашылды. Сабақты аптасына үш рет, 2 сағаттан қандасымыз Мұрал Бимұратұлы жүргізді. Үш топта 50 шақты адам болды, бірінші топта - тек қазақтар, екіншісінде - қытайлықтар, үшінші топ - аралас.

2016 жылы Қазақстанда  data.egov.kz ашық деректер порталы жұмыс істей бастады.

2017 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында, Арыс өзеніне жақын маңнан көне заманның теңгесі, астық сақтайтын құмыра, жазулар жазылған тақтайша және топтастыра жерленген адамдардың сүйегі табылды. Ол заттар бұл жерде біздің заманымыздың бірінші ғасырында Қаңлы мемлекетіне қараған гүлденген қала болғанын айғақтайды. Қаланың жасын анықтауға монетаның септігі тиді.

1534 жылы Кембриджде әлемдегі алғаш баспа тіркелді.

1944 жылы Гитлердің Ранстенбургтегі (Шығыс Пруссия) ставкасында Адольф Гитлерге қарсы ең ірі қастандық жасалды. Әскерилермен кездесу барысында, Бас штабтың 37 жастағы подполковнигі Клаус Шенк фон Штауффенберг кеңес өтіп жатқан үстелдің астына ішінде сағат механизміне қосылған бомбасы бар портфельді қойды. Көп ұзамай «мен қоңырау шалуым керек», деген сөздермен ол ғимараттан шығып кетеді.
Кеңес барысында офицерлердің бірі бомбасы бар портфельді бірнеше метрге жылжытып қойып, соның арқасында Гитлер аман қалған. 

Гитлердің нұсқауымен сол күні Штауффенберг пен оның басқа да сыбайластары Берлинде ұсталып, атылды. Кейін тағы 200-ге жуық адам жазаланды, олардың дені азаптап өлтірілген. 

1969 жылы адамзат тарихында алғаш рет америкалық ғарыш кемесі «Аполлон-11» айға қонды.

1976 жылы Марстың жоғарғы қабатында алғашқы зерттеулер басталды.

1993 жылы Литвада дербес валюта - лит енгізілді.

Соңғы жаңалықтар