20 сәуірден елордада жұмысы жанданатын кәсіпорындар белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елордада 20 наурыздан бастап жұмысы жанданатын кәсіпорындарды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі 20 сәуірден бастап тиісті секторлардағы кәсіпорындардың жұмысын жалғастыруды ұсынғанын атап өтті. Біріншіден, өнеркәсіптік және индустриялық кәсіпорындар, екіншіден, құрылыс саласындағы кәсіпорындар, үшіншіден, қыстан кейін жолдар жөндейтін асфаль-бетон зауыттары қамтылмақ.

«Төртіншіден, зейнетақы мен жәрдемақы беру үшін екінші деңгейдегі банктер, яғни олар сағат 16:00-ге дейін қысқа жұмыс кестесімен жұмыс істейді», - деді Дәурен Абаев телеарна арқылы өткен онлайн брифинг барысында.

Бесіншіден, жеке қосалқы қызмет көрсету секторының кейбір ұйымдары ескерілген. Осы орайда, химиялық тазалау және кір жуатын орындар, дөңгелек жөндеу, арнайы техникаларды жөндеу, көлік жуу стансалары қарастырылған.

Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану орнынан тамақ жеткізу мүмкіндігін түнгі сағат 10:00-ге дейін ұзарту ұсынылады.

«Осылайша, барлық аталған кәсіпорындар бойынша 100 мыңға жуық объект жұмысын жалғастырады. Бұл Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыс істейтін халықтың шамамен 20 пайызы», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Дәурен Абаев Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ауру жұғу қаупі ең аз деген кәсіпорындар іске қосылатынын айтты.


Соңғы жаңалықтар